Тележүргізуші, блогер Динара Сәтжан қоғамдық дау тудырған іске байланысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Егжей-тегжейін неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым қорқынышты. Ол алдымен өз әйелін өлтіріп, содан кейін ізін жасыру үшін барын салған. Бірінші видеокамераны өшіруге бұйрық береді. Салтанаттың телефонындағы геолокация арқылы туған бауыры кейде оның қай жақта екенін көріп отырған. Сол сезіктенбесін деп марқұм Салтанаттың телефонын қалада әдейі әрлі-берлі алып жүрген. Осындай іс-әрекет адамның ойына келе ме?! Мұндай тірлікке адам қабілетсіз болады. Ол – психопат. Кісі өлтіруші. Қылмыскер. Бұл – қасақана кісі өлтіру. Тым болмаса Гастроцентрден адамгершілігі мол бір жан полицияға хабарласып, сол күні болған сұмдықты хабарлағанда, Салтанатты аман алып қалуға болатынына сенімдімін. Бұл жолы Қуандық Бишімбаев толық жауап беруі керек. Өткен жолы 2028 жылы шығуы керек болса да, бір жылдан кейін бостандыққа шыққанына ешкім мән бермеген. Сонда Салтанаттың өмірі мүлде басқаша болар еді...", – деп жазды Динара Сәтжан.
Сондай-ақ, Динара Сәтжан заңды да қайта қарау керегін айтты.
"Бұл трагедия заңнамамызды өзгертуі керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыс ретінде қарастырылуы керек. Кейбір әйелдерді үйде өлтіреді. Қалғандары Бас қаланың дәл ортасында әйелін о дүниеге өз қолымен аттандырады. Бұл сұмдықты тоқтататын уақыты келді", – дейді тележүргізуші.
Айта кетейік, бұған дейін бұл іске байланысты, әнші Меруерт Түсіпбаева пікір білдірген еді.
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды.
Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.
Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.
Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!