- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ол қызға үйленбесем...
"Ол қызға үйленбесем өлемін дедім". Өктем Алтаев жарымен қалай танысқанын айтты
Танымал әнші, сазгер Өктем Алтаев "Ұйқым келмейді" бағдарламасында "Не жаздым мен жаным саған" атты хит әнінің жазылу тарихы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, жас кезінде бір қызға ғашық болған.
"Екі ән тағдырыма қатты әсер етті. Сол екі әннің арқасында алдарыңызда отырмын деп ойлаймын. Бірінші жазған әнім - "Не жаздым мен жаным саған". Бір қызға ғашық болып, сөз байласып, үйленеміз деп болашақ жоспарымның бәрін сол қызға тізіп қойған едім. Сол қыз бұйырмады. Мен ауылдың баласы, ұяңдау болдым. Қыздарға пысық жігіттер ұнайтын. Мен сенімсіздік таныттым ба, басқа жігітке тұрмысқа шығып кетті. Үйленетін болып келісіп қойған едік. Содан кейін күйзеліске түстім. Үйленбей жүріп алдым. 25 жасымда үйлендім. Ол кезде кеш еді", - дейді әнші.
Кейін тағдыр айдап, бір қызды кездестіріпті.
"2-3 жыл депрессияға түсіп кеттім. Қыздардың атын айтса, қашатынмын. Сөйтіп жүргенде Ташкент қаласына бардым. Достарым "қызбен таныстырайын ба" деді. ..."Барсам, барайын" дедім. Сол қыздың үйінде туған күн болып жатыр. Ол қызды бір-ақ рет көрдім. Төрге отырғызып қойған, гитарамен өлеңдерді жіберіп отырмын. Бір-ақ рет жалт етіп кірді де, маған бір қарады да, жоқ болып кетті. "Енді жанымнан кетпеші, мен сенен сұранамын" деген жері сол ғой. Соңына дейін көрінбеді. Кейін өзім іздеп барып, вальске шақырып, биледік. Содан кейін үйге келдім. Ертесіне түнімен ұйықтаған жоқпын. Шешеме "апа, бір қызды көрдім, алып келемін" дедім. "Сәл қоя тұрмайсың ба" деді. "Ол қызға үйленбесем, өлемін" дедім. "Онда үйленсең үйлен" деді. Қиын кез еді. Қант жоқ. Тойға ақша жоқ. Үшінші барғанда, алып қашып келдім", - дейді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова