"Ол жерде адамдарға қауіп көп". Қарағанды ферроқорытпа зауытында 2 жыл бұрын күйіп қалған жұмысшы әлі өтемақысын ала алмай жүр

Қарағанды ферроқорытпа зауытында 2 жыл бұрын күйіп қалған жұмысшы әлі өтемақысын ала алмай жүргені анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен жұмыскерлердің бірі қайтыс болғаннан кейін редакциямызға Сұңғат Тонтаев есімді азамат хабарласты. Ол осыдан екі жыл бұрын ферроқорыту зауытында жұмыс істегенін және сол кезде пеш жарылып, ол да күйік жарақатын алғанын айтады. Беті мен екі қолы күйіп қалған Сұңғат – екінші топтың мүгедегі.

Екі жыл бойы ол зауытпен соттасып келген. Бастапқыда ол осы зауытта жарақат алғанын дәлелдей алмай, көп әуре-сарсаңға түссе керек. Сұңғат Тонтаевтың ферроқорыту зауытында күйік жарақатын алғаны жақында ғана дәлелденіп, сәйкесінше Жоғары сот шешім шығарған.

"Бізге зауыттың ішін жинастыру керек деп тапсырма берді, сол жұмыстарды атқарып жүргенде пеш атылып кетіп, екі адам күйіп қалдық. Біз жұмыс істеген жеке кәсіпкерліктің осы зауытпен қағаз жүзінде келісім-шарты болмай шықты. Қаншама уақыт жүріп осы зауыттан жарақат алғанымды әрең дәлелдедім", - дейді Сұңғат Тонтаев.

Cұңғат Тонтаевтың шаруасы мұнымен бітпейді. Енді ол өтемақы талап ету үшін зауыт басшыларымен соттасып жатыр.

Сұңғат Тонтаев ферроқорыту зауытында жұмыскерлерді қорғайтын қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтынын айтады.

"Жұмыскерлерді пештен қорғайтын киімдер, қолғап, каска дегендер берілмейді. Сосын оттың алдында жұмыс істетіп қояды. Адамдар қалай аман қалады төтенше жайт кезінде? Бұл жерде 3-ші пеш дұрыс салынбаған. Пешке бірдеңе түсіп кетсе көмірдің ішінде бірдеңе кетіп қалса пеш атылып кетеді. Маңайында жүрген адамдарға қауіп көп", - деп мәлімдеді Сұңғат Тонтаев.

Енді Сұңғат Тонтаевқа Кореяға барып бірнеше рет ота жасау керек. Шетелде емделуге 100 млн теңге қаражат қажет. Қазір ол бетінен маскасын тастамайды әрі күйіп қалған қолының салдарынан жұмыс та істей алмайды. Ол зауытта басшылық көз жұма қарайтын былықтың көп екенін айтып қынжылады. Мұндай қайғылы жағдайларды азайту үшін құзырлы орынның қадағалауы жиі болуы тиіс деп есептейді.

Айта кетейік, Сұңғат Тонтаевтың ісі бойынша Massaget.kz редакциясы Қарағанды ферроқорытпа зауытының басшылығына сұрау жолдады. Бұрынғы жұмыскерге өтемақы төлеу мәселесі қалай шешіліп жатқаны және осыған дейін мұндай қанша оқиға болғаны туралы қосымша хабарланатын болады.

Еске салайық, 20 шілдеде ферроқорыту зауытында пештен жалын атылып, 8 адамды күйік шалғаны хабарланды. Дәрігерлер ауруханаға түскендердің ішінде бесеуінің жағдайы ауыр екенін айтты. Тағы жеті адамның өмірін сақтау үшін қазақстандық мамандармен бірлесіп, шетелдік дәрігерлер де күресіп жатыр.

22 шілдеде денесінің 85 пайызын күйік шалған ер адам көз жұмды.

Анықтама:

Зауыт кімге тиесілі?

Зауыттың негізгі құрылтайшылары - Ерлан Ниғматулин, Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз.

Қарағандыдағы ферроқорыту зауыты

Қарағандыдағы YDD Corporation ферроқорыту зауыты - Қазақстанның металлургия саласындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Зауыт 2019 жылы іске қосылған және қазіргі уақытта жылына 180 мың тонна ферросилиций өндіреді. Зауытта 750-ден астам адам жұмыс істейді.

Арайлым Еркебаева

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз