Марқұм Салтанат Нүкенованың әпкесі Самал Нүкенова Tengrinews.kz тілшісіне сұхбат беріп, Бишімбаев отбасында қандай адам болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Самал мен Салтанаттың әкелері - туған бауырлар. Самалдың сөзінше, ол марқұм әпкесінің денесі көгеріп жүргенін бұған дейін де байқаған және экс-министрмен ажырасып кетуі керегін айтқан.
"Тек бір нәрсе айта аламын: ол (Бишімбаев-еск) жауыз, айуан адам. Адамдар ондай жауыз болады деп ойламаппын. Салтанаттың денесін алып кеткен кезде көргеннің бәрі қатты таңғалды. Олардың түрін көрсеңіз ғой", - дейді Самал.
Самалдың сөзінше, Салтанат былтыр ұзатылған, ал желтоқсанда үйлену тойлары болған. Бірақ олардың қарым-қатынасы мінсіз болмаған. Самалдың сөзінше, Қуандық бірнеше рет қол көтерген екен.
"Ол таяқ жеп жүргенін құрбыларына бірнеше рет айтқан. Оның денесі көгеріп жүргенін өз көзімізбен де көргенбіз. Қыркүйектің соңында отбасылық жиын болған еді. Салтанат пиджак киіп келді, оның ішіне қолы қысқа жемпір киген. Пиджакты шешкен кезде қолы көгеріп тұрғанын көрдік. Не болғанын сұраған кезімізде ол массаждан кейін көгеріп қалғанын айтты. Ол бірнеше рет Қуандықтан кетіп қалмақ болған, ол тиран дейтін. Салтанат күйеуі ешқайда жібермейтінін, үнемі аңдып жүретінін айтқан еді, тіпті бізбен жай ғана көфе ішіп қайтуға артық кездеспейтін. Оның ажырасып кетуі керегін айтатынбыз, бірақ ол (Бишімбаев-еск.) амалын тауып, қайтарып алатын", - дейді марқұмның әпкесі.
Самалдың сөзінше, Салтанат күйеуімен қайғылы оқиға болған мейрамханада бірнеше рет болған. Ол мейрамхана нақты кімге тиесілі екенін айта алмады. Бірақ Бишімбаев ол жерде қожайын сияқты жүрген екен.
"Үнемі сол жерде жүретін. Салтанатпен бірге сол мейрамханада отырды", - дейді Самал.
Сонымен қатар, Самалды айтуынша, Бишімбаевтың отбасы Салтанатты жерлеу рәсіміне келген, алайда кешірім сұрамаған. Самал олардың отбасы экс-министрді кешірмейтінін жеткізді.
"Сұмдық жағдай". Бишімбаевтың бұрынғы әйелі болған оқиғаға қатысты пікір білдірді
Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды. 11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!