- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оқушылардың сабақта телефон...
Оқушылардың сабақта телефон пайдалануына шектеу енгізілмек
Мәжіліс депутаттары "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жалпы отырыста депутат Асхат Аймағамбетов заң жобасын таныстырды. Ондағы норманың бірі – оқушыларға сабақ кезінде телефон ұстауды шектеу.
"Ұстаздармен болған кездеулерде тағы бір мәселе талқыланды. Ол – оқушылардың сабақ үстінде телефон пайдалануы және оны тыю бойынша заңнамада нақты шектеулердің болмауы. Сондықтан сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да жобаға енгізілді", - деді ол.
Заң жобасын қабылдау білім беру саласындағы және жетім балалардың құқығын қорғау саласындағы заңды жетілдіруді көздейді.
Жиында депутат Ардақ Назаров мектепте оқушыларға телефон қолдануды мүлдем тыйым салу керектігін айтты. Алайда Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.
"Біздің ұсынып отырған заңдағы норма – ұялы телефонды тек сабақ кезінде шектеуге қатысты. Мектепке телефонды алып келіп, үзілісте оны қолдануға шектеу жоқ. Оқушылар үзілісте ұялы телефонды қолданам десе қолданады. Тек сабақ үстінде қолданбауы керек.
Сабақта бала тек сабақты оқуы керек. Tık-Tok пен Instagram-да отырып басқа дүниелермен айналысуға нақты шектеу қойылып отыр. Ал шектеудің ішінде егер мұғалім сабақ жоспары бойынша "телефонды рұқсат етсе" деген норманы енгіздік. Неге? Себебі, қазір заманауи мұғалімдер бар. Олар сабақта инновациялық технологияны қолдану үшін смартфонды қолданғылары келсе, онда шектеу жоқ. Ал жалпы мектепте шектеу мәселесі әлі қарастырылған жоқ. Ол қосымша ұяшықтарды, материалдарды қажет етеді. Сондықтан біз телефонды мүлдем тыйым салу мәселесін қарастырып отырған жоқпыз", - деді депутат.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы