Алматы облысының Боралдай кентінде сегіз жыл бұрын ашылған мектеп жабылып қалды. Себебі төртінші наурызда болған жер сілкінісінен кейін сыр берген. Мыңдаған оқушы содан бері онлайн оқып жатыр. Ал, тұрғындардың айтуынша, білім ошағының жағдайы оған дейін де мәз болмаған. Жер дүмпуінен соң төтенше жағдайлар департаменті мен білім бөлімі ғимаратқа техникалық қорытынды жасау туралы шешім шығарған. Бұл өтінімді облыстық мәслихат қарайды. Ал, оның отырысы осы айдың ортасына қарай ғана болады. Бұл ата-аналардың ызасын келтіріп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл мектепті Боралдай кентінің Жайнақ шағын ауданының тұрғындары көптен күткен. 2016 жылы ашылған кезде баларымызды енді алысқа тасымайтын болдық дескен. Бірақ сол қуаныштары ұзаққа созылмады. Ғимараттың екі жыл өтпей жатып едені түсе бастаған. Салған мердігер жөндеген болыпты. Сөйтіп жүргенде кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Кейін қабырғасына сызат түсіп қақырай бастаған. Ата-аналар жер сілкінісі болмай жатып, мектептің оқуға қауіпті екенін айтып дабыл қаққан.
"Жер сілкінісі болмай тұрып ақ мектептің едені опырыпы, төмен түсіп жатты. Ал мектеп басшылығы оны табиғи апат салдарынан болды деп көзімізді бақырайтып қойып өтірік айтты. Негізі мектеп салынып болған соң, оны жауаптылар дұрыс қабылдамаған", - дейді әбден ызасы келген ауыл тұрғыны Зүбітай Қазанова.
Наурыздың төртінен бері балалар онлайн оқып жатыр. Білім бөліміндегілердің айтуынша, мұндай шешім оқушылардың қауіпсіздігі үшін қабылданған.
"Нысанның қандай жағдайда екені техникалық бақылаудан кейін ғана белгілі болады", - дейді Іле ауданды білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә. Сырым.
"Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасына бекітілген тапсырма берілген. Ол кісілер қаржы бөлу, техникалық қортынды алуға және құрылыстық монтаждық жұмыстар жүргізу үшін облыстық мәслихатқа өтінім берді. Ал, техникалық қорытынды жасау үшін Қазақ сәулет және құрылыс ғылыми-зерттеу және жобалау институтының сараптама нәтижесі керек", - дейді аудандық білім бөлімінің өкілі.
Мектеп 600 орындық. Бірақ мұнда мегополис іргесінде халықтың тығыз орналасуына байланысты 2 мыңға жуық бала 3 ауысымда оқып келген. Ата-аналар көзге көрініп тұрған мәселенің сонша созылып кеткеніне наразы.
"Бір ай болды. Егер мектепті апатты деп таныса тасымалдау мәселесін тездетіп қолға алу керек еді. Онлайн оқытуға қарсымыз", - дейді ол.
"Бұл мектепте үш балам оқиды. Қазір онлайнда оқып жатқаны қиын болып жатыр бізге. Білім деңгейлері төмендеп кетті. Білім бөліміндегілер нақты жауап бергісі келмейді. Сонда біздің балалар қайда барады?" - дейді Боралдай кентініңі тұрғыны Маржан.
Мектеп басшылығы тасымалдың мүмкін еместігін айтады. 2 мың баланы тасу үшін 40-қа жуық автобус керек. Оның тендері тағы бар. Сапасыз салынған мектептен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те хабардар. Олар да өз тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізбек. Ал, балалар болса, көз алдарында ашылған мектептің мұндай күйге түскеніне түсінбей дал.
Саламат Сабыр
Тағы да оқи отырыңыздар: «Шұғаның белгісі» қандай шығарма?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!