Мемлекет басшысы білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерін қаперден шығармауды ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ең алдымен бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер сөз болып отыр. Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан Үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, біздің цифрлық стратегиямызда ұлт мүддесі басты орында тұратынын жеткізді.
"Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстың бәрін мұқият қарастырады. Сөз соңында бір мәселені атап өткім келеді. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын", – деді Мемлекет басшысы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова