Жоғарғы сот мектепте орамал тағу төңірегінде тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақпаратқа сүйенсек, Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуға салынған тыйымды жойған жоқ.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат тарап жатыр. Істі қарау аясында Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі.
Сонымен қатар бейінді министрлікте (Оқу-ағарту министрлігі - еск.) орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған", – деп жазылған хабарламада.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға жауапты екенін мәлімдеді.
"Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауапкершілікке әкеп соғады", – деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желі мен БАҚ-та енді оқушы қыздар мектепке хиджаб киіп бара алатыны туралы ақпарат тараған еді.
Осы мәселеге қатысты Massaget.kz тілшісінің сауалына Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
"Хиджаб – діни киім. Мұндай киім жоғарыда айтылған талаптарға сай келмейді. Ата-аналардың алдында бірінші кезекте балалардың сапалы білім алуы, сондай-ақ оларды тұлғалық жағынан дамыту мәселесі тұруға тиіс", – деп жазылған еді министрліктің Massaget.kz-ке берген жауабында.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!