Оқушылар көбіне ата-анасымен арадағы түсініспеушілік, бала махаббат, достарының арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы туралы шағым айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, түрлі жағдайға тап болған оқушылар Bala Qorgau ақпарат тақтайшасындағы QR-кодты сканерлеп, консультациялық көмек сұрай алады. Тақтайша еліміздегі 7 мыңға жуық мектепке қойылған. Веб-сайтқа кірген оқушы мен ата-ана алдына ала жазылған кеңестерді оқып, сұрақ жолдауға болады. Олардың сауалына арнайы чатта мамандар жауап береді. Оларға хабарлама арқылы сөйлесіп, көмек көрсетіледі. Өтініш берушінің аты-жөні құпия сақталады.
"Биыл жыл басынан бастап сайтқа 70-тен аса өтініш түсті, басым бөлігі балалардан келген. Олар ата-анасымен арадағы түсініспеушілік, бала махаббат, достарының арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы туралы мәселелермен хабарласқан. Біз әр сұраққа уақытылы жауап береміз, ал өңірлердегі мектеп оқушыларынан келген сұраққа облыстағы мамандар жауап беріп, байланыс орнатады", - дейді Балалар құқықтарын қорғау комитетінің басқарма сарапшысы Эльмира Кадимова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!