Оқушылар желіде мектепке шағымданған: Алматы облысында тексеріс жүргізіледі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев желіде бұған дейін жарияланған, Алматы облысында оқушылардың құқығы мен мектеп асханасында санитариялық норма бұзылғаны туралы ақпаратқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шенеуніктің сөзінше, Алматы облысы оқушыларының шағымы бей-жай қалдырмаған.

"Мәселе білім алушылардың құқығы бұзылуы, мектептегі тамақтану жағдайының санитариялық талаптарға сай ұйымдастырылмауы сияқты деректер тіркелуіне байланысты. Бұл жергілікті атқарушы органдардың өз міндетін толықтай орындай алмай отырғанын көрсетеді", - деді ол.

Министр бала құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту мақсатында министрлік тарапынан үш негізгі заңнамаға 94 түзету енгізіліп, 2024 жылы 342 білім беру ұйымының 24-інде басшылар әкімшілік, 78-інде тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын, десе де мұндай жағдайлар әлі де кездесіп отырғанын мәлімдеді.

"Бұл жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқығын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында қажет шараларды қабылдайды. Алматы облысының басшылығы бұл мәселені шұғыл түрде қолға алып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдайды деп сенемін", - деді шенеунік.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз