- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оқушылар жазда Playstation...
Оқушылар жазда Playstation клубтарына көп барады. Балалардың жазғы демалысын қалай тиімді ұйымдастырамыз?
Жаздың бірінші айы да аяқталып қалды. Бұл мезгіл оқушылар демалатын кезең екені белгілі. Оқушылар жазғы демалысын қалай өткізіп жатыр? Демалыс болғандықтан, жазда компьютер клубтары мен Playstation клубтары балалардың тұрақты мекеніне айнала ма? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді.
Ауыл баласы жазда үй шаруасына, мал шаруашылығына, егістікке көмектеседі. Сондықтан "қара сирақ" ауылдың кәдімгі қара баласы болып шыға келеді. Қалалық жерлерде тұратындардың басым көпшілігі кейде балаларын алыстағы, ауылдағы ағайын-туысқа жіберуді құп көреді. Есесіне таза ауа, табиғи тағам, еркіндік. Осылайша, бала ой еңбегін де, дене еңбегін де қатар дамытады.
Жазда балаларға арнап ұйымдастырылатын лагерьлердің де маусымдық кезеңі қыза түседі. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында жазғы маусымда 12 мыңға жуық лагерь ашу жоспарланып отырғанын, оның ішінде 11 мыңнан астамы мектеп жанындағы лагерьлер екенін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, қала сыртында 236 сауықтыру лагері базасы жұмыс істейтіні, оның ішінде 18-і жыл бойы қызмет көрсетсе, 218-і маусымдық екені, жалпы осы лагерьде 1 миллион 600 мыңнан аса бала демала алатыны айтылған болатын.
Қалалы жерлерде ата-аналар кейде балаларын жазғы оқу курстарына береді. Ал күні бойы жұмыста болатындар баласын бақылап отыра алмайтыны рас. Тіпті кейбір балалар ата-анасынан демалысқа деп ақша сұрайтыны да жасырын емес. Әдетте бұл кезде оқушыларды ойын клубтарынан табуға болады. Биылғы жаз осындай клубтар үшін қаншалық маусымдық кезең болғанын білу мақсатында бірнеше клубты салыстырып көрдік.
Алғашқысы - Байтұрсынұлы көшесінде орналасқан клуб. Мұнда бір ғана жерде ойнап отырғандар байқалды.
Ал клуб қызметкері жазда оқушылар көп келетінін жасырмады.
"Оқушылар, студенттер келеді. Жақын маңда университеттер, колледждер көп. Сабақтары біткен соң уақыт өткізу үшін 2-3 сағатқа келеді. Оқушылар жазда көп келеді. 1-2 сағат отырады. 1 сағат отыру - 1000 теңге. Футбол ойынын, төбелес ойнайды. Тәулік бойы істейміз, бірақ 18 жасқа толмағандарды түнгі 22:00-ден бастап кіргізбейміз", - дейді ойын клубтары қызметкерлерінің бірі.
Клубтағы баға 1000 теңгеден басталады екен. Бірақ бұл баға залға байланысты өзгереді. Сондай-ақ, екі сағат отырса, 1 сағат қосылатын акция ұйымдастырылған. Ең қымбаты - 3000 теңге.
Бұл клубтың қызметкері жаз ойын клубтары үшін маусымдық кезең емес екенін айтады. Өйткені студенттер ауылдарына қайтады. Бірақ олардың орнын оқушылар толықтырады екен.
"Жазда студенттер көп келмейді, оқушылар келеді. Мамырдан бастап сабақ басталған дейін келеді", - дейді ол.
Көше бойлап жүре берсеңіз, ойын клубтарының баннерлері алыстан "шақырады".
Сондай-ақ, компьютерлік клубтар мен Playstation клубтары университет, колледж ғимараттары, жатақханалар орналасқан жерлерде салынған. Оның себебі де белгілі. Мәселен, Техологиялық-экономикалық колледждің дәл түбінде осындай клубтардың бірі орналасқан.
Клуб қызметкері мұнда жатақханадағы студенттер жиі келетінін айтады.
"Күндіз осылай адам аз. Мүлде жоқ десек болады. Кешке жасөспірімдер келе бастайды. Студенттер, үлкен ер кісілер де келеді. Оларды куәлікпен тексеріп аламыз. Кешке 18 жасқа толмағандар отырмайды", - дейді қызметкерлерінің бірі.
Сондай-ақ, бұл клубтың қызметкері оқушылар көп келмейтінін жеткізді.
"Таңғы пакет, күндізгі пакет дегендер бар. Оны оқушыларға арнап жасағанбыз. Екінші клубымыз бар. Ол жерде де сондай. Күнде келетін - адамдар бір адамдар. Күндіз өздерінің жұмыстары бар. Кешке келеді. Былтыр да ондай болған жоқ. Бір-екі оқушы болды. Оның өзінде ата-анасымен келіп жүрді. Ата-аналары төлейді, қосып береді. Өздері бірге ойнайды. Шамамен 4-5-сынып оқитындар", - дейді ол.
Ал баға 600 теңгеден бастап көтеріле береді екен.
Ойын клубтарының басым көпшілігі көпқабатты үйдің жертөлесінде, төменгі қабаттарында орналасқан. Кірген сәттен қараңғылық, түрлі түсті компьютерлер.
Кезекті клубтың қызметкері де қазір қызып жатқан маусым емес екенін алға тартты.
"Оқушылар қатты көп келмейді. Әрі кеткенде күніне бір-екеуі келеді. 2 сағаттай отырып ойнап кетеді. Негізі үлкен ер адамдар келеді. Тәулік бойы жұмыс істейміз. Кешкі сағат 19.00-ден бастап куәлік тексереміз. 7-ден бастап 3 сағатқа отырады. Сонда 10-нан кейін бітеді. ...Жазда адам аз. Барлық жерде солай", - дейді ол.
Баға мұнда стандарт, жайлы деген секілді бөлмелерге байланысты өзгере береді екен. 1 сағаттың құны 400 теңгеден басталады.
Playstation клубтарының бірінің қызметкері де студенттер қайтқан соң сауда да азайғанын айтады.
Есесіне күзде студенттер сабақтарына оралғанда клубтардың да қызметі жандана түседі екен.
"Студенттер, оқушылар келеді. Түстен кейін бастап кешке дейін келеді. Оқушылар 3 сағаттай отырады. "2+1" деген пакет бар. Футбол, UFC, Мортал комбат ойнайды. Жазда адам азаяды. Оқушылар көп ойнамайды. Көбіне студенттер. Маусымдық кезеңі қыркүйектен басталады. Оқушылар сирек", - деп жауап берді ол.
Playstation клубтарының бағасы компьютер клубтарынан айтырлықтай ерекшеленбейді. Бұл жерде 1 сағаттың бағасы - 800 теңге.
Келесі Playstation клуб қызметкері де оқушылар қатары анау айтқандай көп емес екенін жеткізді.
"Көп емес (оқушылар - еск.). Түстен кейін, сағат 3-терде келеді. 2 сағаттай отырады", - дейді ол.
Мұнда да баға шамамен өзге клубтардағыдай, бір сағаты - 700 теңге.
Сондай-ақ, клубтардың бірінде арнайы ережесі жазылыпты. Онда 18 жасқа толмағандар кешкі 22.00-ден бастап кіре алмайтыны және азық-түлік, сусын алып келуге тыйым салынғаны, есірткіге, ішімдікке мас адамдар кіре алмайтыны жазылыпты.
Демалыс орнында өзіңмен бірге тамақ немесе сусын алып кіруге тыйым салынуы дұрыс па?
Балалар психологы Әсем Ілесбай мұндай ойын түрлері ересек кезде лудоманияға алып келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
"Кез келген гаджет, маусымға қарамастан, түріне бөлместен зиян. Тек бақылап отыру керек. Бақылап отырмаса, балада агрессивті мінез-құлық қалыптасып, ашуланшақ, күйгелек болуы мүмкін. Яғни ойындарға деген тәуелділік күшейе бастайды. Баламен сөйлесіп, белгілі бір шекті уақытты келісу керек", - дейді маман.
Ал Алматы әкімдігі мәліметінше, биыл 270 мың бала жазғы лагерьлерге барады.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Бұл - шамамен 99 пайызы, оның ішінде 35 мыңнан аса бала әлеуметтік осал санатта. Бұл мақсатта 209-дан аса мектеп жанындағы және 20-дан аса қала сыртындағы лагерьлер жұмысы жоспарланып отыр", - делінген әкімдік хабарламасында.
Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаеваның сөзінше, қаланың 8 ауданында мектеп жанындағы лагерь балаларына театрларға, мұражайларға, кітапханаларға тегін бару қарастырылған.
"Сонымен қатар, 750 баланы қамтитын оқушылар сарайының "Өрнек" лагері жаз бойы жұмыс істейді. Демалыс кезіне балаларға арналған секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек топтары, экскурсиялар қарастырылған. Оларда 60 мыңнан аса бала қамтылады", - делінген әкімдік мәліметінде.
Жазда оқушыларға арналған спорт секциялары мен үйірмелері ұйымдастырылыпты.
"Оқушылар сарайында және 7 оқушылар үйінде 14 мыңнан аса бала спорт секцияларымен, техникалық және көркемөнер үйірмелерімен, сондай-ақ, дойбы, шахмат, үстел теннисі, бокс, күрес, гимнастика, домбырада ойнауды үйрену, би, футбол және басқа ойындармен қамтылады. Балаларға қосымша білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысқа сәйкес 86 жекеменшік қосымша білім беру ұйымында 5 500 бала қамтылады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аула клубтары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелерде профилактикалық есепте тұрған, аз қамтылған отбасыларда тұратын 8 500-ге жуық жасөспірімді қамтитыны айтылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова