1 қыркүйектен бастап мектептер бес күндік оқу аптасымен бұрынғы форматта жұмысын жалғастырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, оқушылар бес күндік жоспарлы бағдарламаға үлгерсе, алты күндікке көшірілмейді.
"Осы уақытқа дейін бес күн оқыған мектептер бес күн оқи береді. Неліктен оны алып тастау керек? Мектепте аптасына бес күн бойы барлық пән өткізілсе, алып тасталмайды (бес күндік - еск.)", - деді Бейсембаев Үкімет кулуарында.
Бірақ қосымша жүктемесі бар үш ауысымды мектептер сенбіде де жұмыс істеуі мүмкін.
"Жыл сайын осындай мектептер (үш ауысымды - еск.) болады, олардың санын білеміз. Олар солай жұмыс істеді және солай жұмысын жалғастырады", - деді оқу-ағарту министрі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда соңғы қоңырау қайта 25 мамырда өтетіні хабарланған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!