Оқушылар астан уланған: тағы бірнеше бала үйіне жіберілді

Оқушылар астан уланған: тағы бірнеше бала үйіне жіберілді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Маңғыстау облысындағы мектепте астан уланған тағы 43 бала ауруханадан шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Олардың бәрі амбулаториялық бақылауға алынған және барлығының жағдайы жақсы.

Стационарда 53 бала емін жалғастырып жатыр, олардың жағдайы да тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ауру шыққан кезден бастап (6 қыркүйектен бері) өңірдің медициналық мекемелеріне Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы №8 жалпы білім беру мектебі МКК -нің қызуы көтерілген, іші өткен, лоқсып, әлсіздік байқалған 466 оқушы қаралған болатын. Соның ішінде 96 бала қажет медициналық көмекті алу үшін ауруханаға жатқызылған.

Министр жаппай уланған оқушылардың жағдайы туралы айтты

Еске салайық, Маңғыстауда астан уланған оқушылар мектеп асханасында ашыған тамақ жегендерін айтқан болатын. 

Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылының тұрғыны Светлана Масатаеваның екі бірдей қызы мектепте астан уланған. Жұма күні кеште бірінің, түнде екіншісінің іші ауырып, құсып, дене қызуы көтерілген. Оқушылардың жаппай улану дерегі Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте болды. Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, 460 бала ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 83 оқушы облыстық жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Қалғандары үй жағдайында емделіп жатыр.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, балалар ауруханаға түскен кезде тағамдық токсинді белгілермен келген. Яғни іш ауру, құсу, жүрек айну және іш өту белгілерімен түскен. Оқушылардың барлығы консервативті ем қабылдап жатыр.

Осы жағдайдан кейін аталған мектептің асханасы жабылды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары асханадағы тағамдардан тиісті сынамалар алған. Бірақ оның қорытындысы әлі шыққан жоқ.

Мектеп директоры Тойлыбай Аймағанбетовтің айтуынша, асхананы 9 жылдан бері бір кәсіпкер жүргізіп келеді. Биыл да байқауда сол жеке кәсіпкер ұтып, онымен 3 жылға келісімшарт жасалған. Оқушылар уланған күні асханада бастауыш сыныптардағы 806 бала тамақтаныпты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина