1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай оқушыларға "Ақорда" резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оған еліміздің барлық өңірінен 81 бала, соның ішінде су басқан аймақтардан келген оқушылар қатысты. Ақорданың кішкентай қонақтарының қатарында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.
Бұл шара аясында балалар "Ақорда" резиденциясының орталық салтанатты холы мен ресми қабылдаулар және түрлі жиындар өткізуге арналған залдарын тамашалады. Резиденция аумағындағы бақты аралап көрді.
Сондай-ақ, балалар Қазақстан Президентінің жұмыс тәртібімен танысты, еліміздің бас ғимараты туралы қызықты деректерден хабардар болды.
Жасөспірімдерге Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, екі күндік саяхат кезінде оқушылар Президенттік орталық, Ұлттық музей, "Нұр-Әлем" павильоны сияқты Астананың көрікті жерлерін аралайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!