Оқушы неге сыныптасына әлімжеттік жасайды? Психологпен сұхбат

Оқушы неге сыныптасына әлімжеттік жасайды? Психологпен сұхбат
Фото: Freepik

Бұған дейін балаңыз буллинг құрбаны екенін қалай анықтауға болатынын, ондай кезде не істеу керегін жазған едік. Бұл жолы сыныптастарына күн көрсетпей, бәріне буллинг жасап жүретіндер туралы айтпақпыз. Себебі мектепте буллер де, буллинг құрбаны да жәбірленуші деген ұғым бар. Психология ғылымдарының кандидаты Әлия Байздрахманова Massaget.kz тілшісіне мектепте кей балалар басқаларды неге мазақтап, әжуалайтынын түсіндірді.

Буллинг терминін қазақшаласақ "біреуді үнемі әжуалау" деуге болады. Маманның сөзінше, буллинг - өте маңызды әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Кейінгі 5-7 жылда ол мектептерде қатты дамып жатыр, жасөспірімдер арасында біреуге буллинг жасау сәнге айналып барады екен.

"Буллердің портретіне тоқталсақ, ол - басқа балалардан, сыныптастарынан қандай да бір басымдығы, күші бар жасөспірім. Буллер бір жағдайда агрессор, басқа бір жағдайда - ресурсы, қолдаушылары жоқта жәбірленуші болуы мүмкін. Агрессия танытатын буллерді қалай анықтаймыз? Ең алдымен, іс-әрекет реакциясы. Яғни, бала сыныпта не қоғамда қалыптасқан тәртіпті бұзуға құмар болады. Осылай эмоциясын шығарады", - дейді психолог. 

Оның сөзінше, бала бір күнде буллер болып кетпейді. Буллер өзін тым ашуланшақ ұстауы үшін белгілі бір диструктив процесстер болады. Оған отбасы да әсер етуі мүмкін. Баланың отбасы толық болмауы мүмкін немесе отбасында агрессия көп болуы ықтимал. Отбасыда ересектер балаға көп агрессия жасаса, бала да оны қабылдап алады. Сол кезде бала сыныптастарына әлімжеттік жасай бастайды. 


Фото: shutterstock

Буллердің тағы бір шабуылы - мазақ ету, психологиялық зорлық-зомбылық, тіл тигізу. Ересектерден келетін эмоциялық зорлыққа бала осылай жауап береді. 

"Кейде буллер баламен сөйлесіп отырғанымызда ол толық отбасыдан екенін, ата-анасы мәдениетті адамдар екенін анықтап жатамыз. Бірақ бала социумға жақын болу үшін, компанияда өзін көрсету үшін қатты өзгере бастайды. Бала тіл алмай, оны басқару қиынға соғады. Кейін ол темекі шегіп, жаман жолға түсіп кетеді. Ұрлық жасауы мүмкін, үйге қарағанда көшеде жүргенді жақсы көріп кетеді. Мұндай балаларды бізге, психолог қабылдауына келген кезде түсінеміз: оның ойында жаман ештеңе болмаған, тек компания оны қабылдағанын, оны топтың адамы ретінде көргенін қалаған", - дейді Әлия Байздрахманова.

Психологтың айтуынша, кейін буллер мамандармен сөйлескенде әрекетіне қатты ұялады, енді қайталамаймын дейді, содан психологиялық соққы болады. Ондай бала қоғам талап ететін тәртіптерді сақтамағаны үшін депрессияға да түсуі мүмкін.


Фото mir.pravo.by сайтынан 

Тағы бір айта кетерлік жайт, қазір көптеген баланың біреуге әлімжеттік жасаудағы мақсаты - көзге түсу, ата-ана махаббатының жетіспеуі. 

"Қазақстандық дәстүрлі отбасыларда, әсіресе шығыс елдерінде, мысалы, қазақтарда, татарларда, әзербайжандарда солай. Сондай балалар келсе, "Бұл қалай болды?" деп сұраймын. Сонда балалар "Әлия апай, үйде туыстарымыз көп, біздің үйде ұзақ уақыт тұрады, өзімнің орным жоқ, менің үстелімде басқа балалар отырады" дейді. Бала өз шекарасын бұзғысы келмейді, бірақ ол шекара бұзылып жатыр, себебі ата-анасы туыстарының балаларына бәріне рұқсат береді. Өз жеке кеңістігін жоғалтқан бала басқаларға агрессия танытып, сол арқылы өз шекарасын қорғағысы келеді", - деп түсіндірді маман. 

Буллермен қалай сөйлесу керек?

Бала буллер болса негізгі міндет - сабырлық пен сыпайылықты сақтай отырып, не болғанын анықтауға тырысу. Оқиғаның бірнеше куәгерінен жақсырақ сұрап алу.

"Балаңыз бұзақы екені туралы ақпарат расталса, балаңызға, оған жол бергендерге қатысты агрессив мінез-құлықтан аулақ болуға тырысу керек. Егер эмоцияларыңызбен жалғыз күресу қиын болса, жақын адамдарыңызбен бөлісіңіз", - дейді мамандар. 

  • Жағдайды нақты айтыңыз: "Сендердің істеп жатқандарың - зорлық". Көбіне балалар не болып жатқанын түсінбейді, оларға бұл зиянсыз ойын немесе жеке дұшпандық көрінісі сияқты көрінуі мүмкін. Олар жағдайды жүйелі түрде қарастырмайды.
  • Нақты іс-әрекеттерді сипаттай отырып, өзін жәбірленушінің орнына қоюды сұраңыз: "Елестетіп көрші, сен сабаққа келесің, сенімен ешкім амандаспайды, саған қарап күле береді. Заттарыңды абайсызда еденге құлатып тастайды. Тест тапсыру кезінде арқаңнан қаламмен түртіп, артыңа бұрылсаң, мұғалімге "көшіріп жатқаныңды" айтып шағымданады. Үзіліс кезінде сені итеріп, дәретханаға қамап тастайды, содан кейін портфеліңді жасырып, кітаптарыңды қоқыс жәшігіне тастайды".
  • Болып жатқан жағдайға өз көзқарасыңызды көрсетіңіз: "Бұл тек сенің емес, бүкіл топтың (сынып, компания) күрделі проблемасы. Бір адамға емес, ұжымдарға әсер ететін проблемалар, аурулар бар. Саған да солай болды. Сендерге көмек керек".
  • Буллинг туралы бірге фильм көріңіздер.
  • Баламен қарым-қатынасыңызды, отбасындағы қарым-қатынасты талдаңыз, мұндай мінез-құлықтың тамырын түсінуге тырысыңыз. Көбіне бала басқалардың өзіне істегенін қайталайды немесе көргені мен естігенін жасайды. Онымен сыйластық, жалпы адамзаттық құндылықтар туралы сөйлесіңіз, оның мінез-құлқын екінші жағынан көрсетуге тырысыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш