Қызылорда облысында мектеп оқушысын секс-құлдықта ұстау ісі бойынша тағы бір үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қызылорда қаласының №2 сотында сотталушы Ж-ға қатысты бірнеше рет кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан жеңгетайлық фактісі бойынша қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды (ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігі 2,3-тармақтары).
Сотталушы жәбірленушінінің кәмелет жасына толмағанын біле тұра, пайдакүнемдік мақсатты көздеп, оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға тартқан. Сотталушының кінәсі оқиға орнын қарап-тексеру және беттестіру жүргізу хаттамаларымен, жәбірленушінің жауаптарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, ҚК 55-бабының 2-бөлігін қолдана отырып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілі сотталушыны кешіретінін және жазаға қатысты мәселені соттың қарауына қалдыратынын көрсетті.
Қорғаушы сотталушыны ҚК-тің 309-бабы 2-бөлігі 2,3-тармақтары бойынша ақтауды сұрады.
"Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 309-бабы 2-бөлігінің 2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот үкімінде.
Үкім заңды күшіне енбеді.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді.
"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.
"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.
"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.
Артынша оқушы қыздың үйіне күзет қойылды. Кейін бопсалау дерегі бойынша жігіт сотталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!