Оқушы қыздардың бір-бірін аяусыз соққыға жығып, қатыгездікке баруына не себеп?

Оқушы қыздардың бір-бірін аяусыз соққыға жығып, қатыгездікке баруына не себеп?
Фото: pexels.com

Кеше Талдықорғандағы сұмдық жайт жұртқа жария болды. Мектеп оқушылары құрбысын аяусыз ұрып, сол сәттегі видеоны әлеуметтік желідегі парақшаларға жариялап жіберген. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Көптеген адам оқушыны аяусыз соққыға жыққан қыздарды психологиялық тұрғыда емдеу керегін, бұл дұрыс емес екенін айтып жатыр. Massaget.kz тілшісі осы мәселе бойынша психоанализ бағыты бойынша психотерапевт-психолог Эльвира Қасыммен сөйлесіп, қыздардың қатігездікке баруына не себеп болуы мүмкін екенін сұрады. 

Қыздардың қатігездікке баруының екі негізгі себебі бар

Эльвира Қасымның сөзінше, мектеп оқушыларының, жасөспірімдердің аяусыздыққа баруының ең негізгі екі себебі бар. Оның біріншісі - баланың ішкі құштарлығы. 

"Кез келген адамда агрессия болады. Агрессия болмаса өмірге келмейтін де едік. Тіпті өмірге келу процесінің өзі үлкен агрессия әсерінен болады. Агрессиясы аз әйел өз күшімен күшеніп, бала туа алмас еді. Агрессия сезімімен оянамыз. Жасөспірімдер не үшін агрессиялық әрекет жасайды? Мысалы, бастауыш сыныптарда кішкентай қыздар өзара кикілжіңге түсіп жатады. Сырттай қарағанда 3-4 сынып оқушыларына не жетпейді деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ қай сыныпта оқыса да өзара сөзге келісе алмай жатады. Жасөспірімдік кезеңге қадам басқан кезде де кикілжіңдер болады", - дейді маман.  


pexels.com

Бірақ кикілжіңді өзінше шешетін балалар да болады. Оның астарында адамның либидосы (Зигмунд Фрейд жыныстық қатынастың әртүрлі көріністерін сипаттау үшін жасаған психоанализдің негізгі ұғымдарының бірі - еск.) жатыр. Адам либидомен өмірге келеді, ол өмірге құштарлық деген сөз. Өмірге құштарлығы аз болған бала туған кезде-ақ шетінеп кетеді немесе өмірге келмей жатып шетінеп кетеді. 

"Ал либидо - тек жыныстық құштарлық емес, ол жалпы құштарлық, өмірге деген құштарлық. Кішкентай күнімізден психикалық даму жүріп жатады. Ал бала психосексуалдық құштарлығын сауатты ата-ана арқылы сублимацияламаса, яғни бағытталмаса ол агрессия күйінде шығып кетуі мүмкін. Көзі ашық, психологиялық тұрғыда сауатты ата-ана балада либидо бар екенін біліп, оны үйірмелерге қызығушылығына сай баланың ішкі құштарлығы денесіне өтіп кетпеуі үшін әрекеттер жасайды. Сондықтан қызығушылығы ми деңгейіне өтуі үшін ата-аналар баласын үйірмелерге, қосымша сабақтарға жібере алады", - дейді психолог. 

Демек, агрессия туындауының бірінші себебі - жыныстық құмарлықтың табиғи жолмен қанағаттанбауында және ішкі кикілжің болуында.

"Кез келген жасөспірім ішкі кикілжіңмен арпалысады. Ал ішкі кикілжіңі көп болған бала сыртқы ортаға да сыртқы кикілжің ортаны қалыптастырады", - дейді Эльвира Қасым. 

pexels.com

Маманның айтуынша, қыздардың қатыгездікке баруына тағы бір себеп - отбасындағы жағдай болуы мүмкін. 

"Ұяда не көрді, ұшқанда соны істейді". Мысалы, шай ішкеніңіз анаңызға ұқсауы мүмкін, әкеңіз сияқты сөйлеуіңіз мүмкін. Барлық адам сәйкестендіруден өтеді. Сол секілді агрессорға сәйкестендіру деген бар. Отбасындағы ата-ана не үлкендер бір-бірімен қарым-қатынаста жанжалды агрессия арқылы шешетін отбасылар болады. Сондықтан бала өзге ортада агрессормен сәйкестендіру жасайды. Яғни бірігіп кетеді. Бала үйде оны көрсетпесе де сыртқы ортада өзін солай ұстауы мүмкін", - дейді маман. 

Қыздардың әрекетін ауытқу деп атауға бола ма?

Психологтың сөзінше, қыздардың әрекетін ауытқу деп атауға келмейді. Бірақ мұны психологпен бірнеше сағат жұмыс істеу арқылы шешуге болады. 

"Себебі ауытқу туралы толық шешім қабылдай алмаймыз. Мысалы, қандай да бір қылмыскердің тарихын қарасаңыз, олар адам қатты қиналып жатқан кездегі әсерін көргісі келген. Қылмыскерлердің сезімталдық деңгейі өте төмен болады. Сол үшін қылмысқа баруы мүмкін. Ал қыздардың оқиғасына қатысты айтарым, мамандарға жүгінсе деймін. Тек өздері емес, ата-анасымен келіп, психологпен 10-15 сағат жұмыс істесе бұл шешілетін проблема деп ойлаймын", - дейді психолог. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина