Петропавлда ер адам әлеуметтік желіде алдымен бейтаныс жас қызбен хат алмасып, кейін өзін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтарға 5,5 миллион теңгеден астам ақшасын берген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, полиция сериялық алаяқтық жасады деген күдікпен Петропавлдың 29, 30 және 36 жастағы үш тұрғынын ұстады.
Күдіктілердің әрекетінен зардап шеккендердің бірі әлеуметтік желіде жас қызбен хат алмасып, біраз уақыт байланыста болған. Кейін оған екі ер адам кездесуге шығып, өздерін полиция қызметкерлері деп таныстырады және "кәмелетке толмаған қызбен хат алмасқаны" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытады.
"Күдіктілер мәселені ақша арқылы шешуді ұсынады. Қорқып қалған және қысымға түскен ер адам олардың айтқанына келіседі. Ақырында, олар жәбірленушіні қасына отырғызып, нұсқаулар беріп отырған - ол тауарлық несиелер рәсімдеп, микронесиелік ұйымдардан қарыз алып, депозиттен ақша шешіп алады. Осылайша, "мәселені шешу" оған 5 миллион 700 мың теңгеден астам шығын әкелді", - деді Tengrinews.kz сайтына СҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әдеміау Меңдібаева.
Сонымен қатар күдіктілер тағы бір алаяқтық іс бойынша да айыпталып отыр.
"Бұл жағдайда жәбірленуші бейтаныс адамдармен ішімдік ішуге келісім берген. Есін жиған кезде, депозитіндегі ақшасының жоқтығын және өз атына тауарлық несиелер рәсімделгенін анықтаған. Шығын көлемі шамамен 3,5 миллион теңгені құраған", - деп мәлімдеді Әдеміау Меңдібаева.
Қазіргі уақытта ірі көлемдегі алаяқтық фактілері бойынша материалдар сотқа жолданды. Күдіктілер 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет