Оқушы қанша сағат ұйықтауы керек? Дәрігерлер ата-аналарға кеңес берді

Оқушы қанша сағат ұйықтауы керек? Дәрігерлер ата-аналарға кеңес берді
Фото: depositphotos.com

Жаңа оқу жылы жақындаған тұста Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға баланың ұйқы тәртібіне көңіл бөлу керегін еске салды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мектепке дайындық тек форма, сөмке мен оқу құралдарын алумен бітпейді. Жазғы демалыста балалардың көбі кеш жатып, кеш оянуға үйреніп қалады. Сондықтан сабақ басталғанға дейін олардың күн тәртібін біртіндеп реттеген жөн.

Мамандар ұйықтайтын және оянатын уақытты бірден емес, күн сайын аз-аздан ертерек жылжытуға кеңес береді. Осылайша бала мектептің күн тәртібіне қиналмай бейімделеді.

Бала қанша сағат ұйықтауы керек?

Ұйқы мөлшері баланың жасына қарай әртүрлі болады. Америкалық педиатрия академиясының ұсынымдары бойынша:

  • 1 жасқа дейінгі балаларға – тәулігіне 12–16 сағат;
  • 1–2 жастағы балаларға – 11–14 сағат;
  • 3–5 жастағы балаларға – 10–13 сағат;
  • 6–12 жастағы балаларға – 9–12 сағат;
  • 13–18 жастағы жасөспірімдерге – 8–10 сағат ұйқы қажет.

Мектеп жасындағы балалар үшін қанша уақыт ұйықтайтыны ғана емес, күн сайын бір уақытта жатып, бір уақытта тұрғаны да маңызды.

Ұйқысы қанған бала сабаққа жақсырақ зейін қояды, жаңа мәліметті оңай қабылдап, есте сақтайды. Сондай-ақ жеткілікті демалыс баланың көңіл күйіне және күні бойы сергек жүруіне әсер етеді.

Бірінші сыныпқа баратын балаларға ерекше көңіл керек

Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бала үшін жаңа күн тәртібіне үйрену оңай болмауы мүмкін. Ерте тұру, сабаққа қатысу, жаңа орта мен күн сайынғы әсерлер балаға қосымша салмақ түсіреді.

Сондықтан бала қатты шаршаса, мамандар оған күндіз екі сағатқа дейін тынығып алуға мүмкіндік беруге кеңес береді.

Алғашқы апталарда ата-ананың басты міндеті – баланы жаңа тәртіпке біртіндеп үйретіп, жеткілікті демалуына жағдай жасау.

Каникулдан кейін ұйқы тәртібін қалай реттеуге болады?

Жаз бойы кеш жатқан баланы мектеп басталардан бір күн бұрын ерте ұйықтатуға тырысу дұрыс емес. Ұйқы уақытын алдын ала әрі біртіндеп өзгерткен тиімді.

Ең алдымен баланы күн сайын шамамен бір уақытта жатқызып, бір уақытта оятқан жөн. Бұл тәртіпті демалыс күндері де мүмкіндігінше бұзбаған дұрыс.

Ұйықтар алдында телефон, планшет пен компьютерді аз пайдаланған жөн. Қимыл-қозғалысы көп ойындар мен баланы қатты еліктіретін видеоларды да кешкі уақытқа қалдырмаған дұрыс.

Оның орнына таза ауада серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе жай ғана әңгімелесу баланың тынышталып, ұйқыға дайындалуына көмектеседі.

Жатын бөлмені де алдын ала желдетіп, бөлме температурасын қолайлы деңгейде ұстаған жөн.

Ұйқыны сабақ үшін қысқартуға болмайды

Қосымша сабақ, үй тапсырмасы немесе ойын-сауық баланың түнгі ұйқысын үнемі қысқартпауы керек.

Ұйқысы қанбаған оқушының сабаққа зейін қоюы қиындайды, есте сақтау қабілеті төмендеп, күні бойы тез шаршауы мүмкін.

Сондықтан оқу жылы басталмай тұрып баланы ертерек жатып, ертерек тұруға біртіндеп үйреткен дұрыс. Қалыпты ұйқы тәртібі баланың мектептегі жаңа жүктемеге бейімделуіне және сабақта сергек отыруына көмектеседі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget