- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оқушы қабылдау комиссиясы...
Оқушы қабылдау комиссиясы қателігінен гранттан айырыла жаздаған
Техникалық қатеге байланысты грантынан айырылған түлектің мәселесі шешілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Мектеп түлегі Жасмин Тастан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға құжат тапсырған. Министрлік мәліметінше, қабылдау комиссиясының маманы "ҰБТ сертификаты деректерін енгізу кезінде техникалық қате жіберген".
Грант иегерлерінің тізімі жарияланғаннан кейін ата-аналар оқу орнының басшылығы мен оқу бөліміне жүгінген.
"Бүгін Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бұл өтінішті қарап, шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен тілдесіп, қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Техникалық қате бірден түзетіліп, талапкер Жасмин Қуанышқызы СДУ (Сулейман Демирел атындағы университеті - еск.) грантына ие болды. Сонымен қатар, жатақханамен қамтамасыз етіледі", - деді министрлік өкілдері.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құжат қабылдауда қате жіберген қабылдау комиссиясының маманына сөгіс жарияланған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ЖОО-ның аппарат басшылары мен ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау кезінде абай болу керегін еске салды.
Ж. Қадыржанова