Таразда қатарласын ұрып, көзін шығарған оқушыға қатысты сот үкімі шықты. Алайда жәбірленушінің анасы төбелеске қатысы бар өзге балалар жазадан сытылып кеткеніне наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оқиға сәуірде мектеп дәретханасында болған. Жанжал кезінде көзінен қатты соққы алған оқушы бір жанарынан айырылған. Тергеуде соққы жасаған оқушы кім екені анықталып, сараптама қорытындысымен расталған.
Сот оның кәмелетке толмағанын ескеріп, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
"Сот айыпталушының кәмелетке толмағанын және кінәсін ішінара мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп жазылған Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот хабарламасында.
Мектепке сау барып, мүгедек болып қайтқан баланың анасы сот шешіміне келіскенімен, топ болып шабуылға қатысқан өзге балалар жазасыз қалды деп отыр.
Баланың көзін қалпына келтіру үшін бұған дейін алты рет ота жасалған. Алайда жасөспірімнің көру қабілеті сол күйі қалпына келмеген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!