Оқулықтың Назарбаевқа арналған тұстары алып тастала ма? Министр жауап берді

Оқулықтың Назарбаевқа арналған тұстары алып тастала ма? Министр жауап берді
Фото: elbasy.kz

9-сыныпқа арналған "Қазақ әдебиеті" оқулығында ("Мектеп" баспасынан 2019 жылы шыққан. Авторлары: Керімбекова Б., Мұқанова Ж.,) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты тарау бар. Аталған кітапта белгілі ақын Несіпбек Айтұлының "Бәйтерек" поэмасынан бастап, әр түрлі тақырыптар қамтылған. Бұл мәселеге қатысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елдегі соңғы жағдайдан кейін экс-президенттің оқушыларға дәріптелгені қаншалықты дұрыс? Бұл мәселені Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біле ме? Аталған мәселеден министр хабардар болып шықты.

"Өзіңіз білесіз, жаңа буын оқулықтардың шығуы 2016 жылдан бастап жаңартылған білім бойынша түгелдей енгізілгенін, ендігі оқулықтардың барлығы 2025 жылдан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша шығарылады. Ол оқулықтарда бұл ғана емес, басқа да ескірген ақпараттар бар екенін біз жақсы білеміз. Оған байланысты жыл сайын мектепке инструктивті хат жолданып отырады. Ол хатта барлық оқулықтағы дүниелермен жұмыс істеу мәселесіне ақпарат және тиісті әдістемелік нұсқаулықтар беріліп отырады. Сол бойынша мұғалімдер оқулықтардағы ескірген немесе өзгертуге тиісті ақпараттарды сол нұсқаулықтан алып, пайдаланады", – деді министр.  

 

Журналистің "Яғни 9 сынып оқулығында Назарбаевты ұлықтау тоқтатыла ма?" деген сұрағына министр "Ол жерде кез келген ескі ақпараттың барлығы, мысалы кейбір қалалардың атауы өзгеріп жатыр ғой. Кез келген өзгерістердің барлығына мұғалімдер тиісті нұсқаулықтар алып, сол бойынша жұмыстарын жүргізеді" деп жауап берді. Ал "Сіздің ойыңызша, Назарбаев тақырыбы ескірген бе" деген сұраққа Ғани Бектайұлы "Астарлы сұрақтарды қоюдың қажеті жоқ" деп, қысқа жауап берді.

Серік Құдайбергенұлы

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан