Павлодар облысының Ақсу қаласындағы колледждердің бірінде мұғалімнің түсініксіз әрекеті видеоға түсіп қалған. Бұл дерек бойынша қызметтік тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Kerek.pv Telegram-арнасында мұғалімнің оқу-тәрбие процесіндегі әрекеті бейнеленген видео пайда болды. Кадрда мұғалімнің оқушылар үстелінен оқулықтарды жинап алып, "сендер маған әдейі істеп жатсыңдар", "мойнымда 20 мың теңге" деген сөздермен еденге лақтырып жатқаны көрсетілген.
Видео тарап кеткен соң, колледж басшылығы мұғалімнің мінез-құлқына пікір білдірді.
"Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі М.А.-ға қатысты видео. Педагогикалық әдеп жөніндегі комиссия қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Қызметтік тексеру нәтижесі бойынша шара қолданылады", - деп жауап берді Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінің директоры Алма Айтаурова.
Айта кетейік, бұған дейін бұл мұғалім "Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы" республикалық байқауының лауреаты атанған болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!