Полицейлер зорланғанын айтқан семейліктің видеосына қатысты тексеріс жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Желіде жігіттің 2021 жылы 15 жасында Семейде екі рет зорланғанын айтқан видеосы тараған. Онда ол жергілікті полицияға арыз жазғанын, бірақ қызметкерлер қылмыстық іс қозғаудан бас тартқанын айтқан. Сондай-ақ, оның сөзінше, екінші рет полицейлер зорлаған. Ол психикасы бұзылып, ағасының қорлығынан кейін үйден кетіп қалғанын мәлімдеген.
Алайда, ведомство мәліметінше, жарияланған видеодағы ІІО қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер жасалғаны анықталмаған.
"Өтініш авторының дәлелдерін растайтын өзге де материалдар болған жағдайда оны тексеру және тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін ІІМ-нің немесе Абай облысының ПД ӨҚБ өзіндік қауіпсіздік қызметіне ресми түрде жүгінуді ұсынамыз", - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен қатар, жігіттің жақындары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанына қатысты шаралар қолданылмағаны туралы ақпарат жалған екені расталған. 2022 жылғы желтоқсанда бұл өтініш Семей қаласы ПБ Орталық полиция бөлімінде қаралған. Алайда өтініш иесі арыз жазудан және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан. Ал заңды өкіл қатысқан сауалнамада кәмелетке толмаған жасөспірім өтірік айтқанын түсіндірген. Ол сабағын себепсіз жиі қалдыратындықтан, оқу орнынан шығарып жібереді деп қорыққанынан айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!