“Оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайды“: ІІМ үндеу жасады

“Оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайды“: ІІМ үндеу жасады
Фото: depositphotos.com

Ішкі істер министрлігі жоғары оқу орындарындағы зорлық-зомбылық пен әлімжеттіктің алдын алу мақсатында студенттер мен университет басшылығына үндеу жасады. Ведомство оқу орнының беделін сақтау үшін құқықбұзушылықтарды жасыруға болмайтынын ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, әрбір студент университетте де, жатақханада да өзін қауіпсіз сезінуге тиіс.

"Студенттердің қауіпсіздігі тек қоғамдық тәртіп мәселесі емес. Бұл – ата-аналардың сенімі, оқу орындарының жауапкершілігі. Студенттер арасында зорлық-зомбылыққа, буллингке, ақшалай қысым көрсетуге және кез келген заңбұзушылыққа жол берілмеуі керек", – деді ол.

Оқу жылы басталғалы 566 құқықбұзушылық анықталған

Министрлік мәліметінше, оқу жылы басталғалы 566 құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде:

  • 23 ұсақ бұзақылық;
  • тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі;
  • көші-қон заңнамасын бұзудың 234 дерегі анықталған.

Қазір студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Университеттердің ішкі қауіпсіздік қызметтері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Сондай-ақ, жыл басынан бері студенттер мен оқытушылардың қатысуымен 207 профилактикалық іс-шара өткізілген.

Университет басшылығына ескерту жасалды

ІІМ жоғары оқу орындарының басшылығы студенттердің қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салды.

"Зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайды. Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп болуы мүмкін", – деді Құралай Карина.

Студенттерге қандай үндеу жасалды?

Министрлік қысым көрген немесе әлімжеттіктің куәсі болған студенттерді үнсіз қалмауға шақырды.

"Ешкімнің сіздерді қорлауына, қорқытуына немесе заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүрлеуіне жол бермеңіздер. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе ақшалай қысым көрсету құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар", – деді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, ведомство студент мәртебесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Өрескел құқықбұзушылық жасаған студенттер заңға сәйкес жауапқа тартылып қана қоймай, оқудан шығарылуы да мүмкін.

ІІМ жастар арасында заңды құрметтеу және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget