Биылдан бастап оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Бұған қатысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл шешімнің басты себептері: балалардың отбасында көбірек уақыт өткізуіне қатысты ата-ана өтініштеріне байланысты 5 күндік оқу аптасына көшу; оқушыларға жүктемені азайту жөніндегі сарапшылар ұсыныстары; оқу аптасының ұзақтығын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкестендіру. Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, ЭЫДҰ елдерінде оқу жылы 40 апта", - деді Ғани Бейсембаев.
Министр әлем оқушыларының жазғы каникулда 77 күн ғана демалатынын, ал біздің елде 13 апта немесе 90 күн демалыс белгіленгенін айтты.
Қазақстан мектептерінде 3,7 миллионнан аса оқушы биылғы оқу жылын аяқтайды, 172 мың түлек мектеп бітіреді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!