Оқу жылы аяқталуға жақын: министрлік ата-аналарға, ұстаздарға, оқушыларға ескерту жасады

Еліміздің мектептерінде 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қанша оқушы оқу жылын аяқтайды?

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 миллионнан аса оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы - 11-сынып түлектері.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан асады. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан аса педагог еңбек етеді.

Соңғы қоңырау қашан соғылады?

Оқу жылы аяқталуына орай 25 мамырда барлық мектепте "Білімім – Отаныма!" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістігі мен жарқын сәттері еске алынады.

Ата-аналарға ескерту

Оқу-ағарту министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханада, дәмханада, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.

"Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлық пен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестат пен дипломды салтанатты табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!