- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оқу бағдарламасын жетілдіру...
Оқу бағдарламасын жетілдіру мақсатында түрлі технологиялар қолданылып жатыр
Оқу бағдарламасын жетілдіру барысында түрлі шаралар атқарылып жатыр. Бұл қатарда ұстаздардың жаңашыл идеяларынан туындаған, цифрландыру арқылы оқушыларға жан-жақты білім беруді көздейтін жұмыстарды атауға болады. Massaget.kz тілшісі оқу бағдарламасын жетілдіруге бағытталған қандай жаңа бағыттағы жұмыстар істеліп жатқанына шолу жасады.
Солтүстік қазақстандық ұстаздар балаларға тарих пәнінің оқу бағдарламасын тиімді игерту мақсатында мобильді қосымша жасаған. Петропавлдағы №1 IT-лицейдің мұғалімі Сергей Никулин "Дүниежүзі тарихы", сондай-ақ, "Қазақстан тарихы" пәндерінен бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсан бойынша жиынтық бағалау, емтихандарға дайындықты оңтайландыру үшін оқушыларға арнап, "Қазақстан тарихы бойынша тесттер" атты мобильді қосымша шығарған.
Бұл қосымшаның артықшылығы - оқушылар оның көмегімен тақырыптарды тез есте сақтап қала алатыны. Өйткені оған интерактив тапсырмалар, тесттер ойын түрінде енгізілген. Мәселен, Қазақстан тарихы пәнінен 5000-ға жуық сұрақты қамтитын 130 тақырыптық топтың тесті бар.
Сергей Никуллин бұл қосымшаны жасауға оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту және білімін тексеруге көмекші құрал болсын деген мақсат түрткі болғанын айтады. Бүгінде бұл креатив жоба талай мұғалім мен оқушының алғысын алған.
Ал "Тіл-Қазына" орталығы мәтіндерді дыбыстық нұсқаға айналдыратын арнайы бот дайындаған. Бұл да оқу барысында білім алушыларға ақпаратқа лезде қол жеткізуге септігін тигізеді. Әсіресе, кітаптар, оқу материалдарын кез келген форматта алуға көмектеседі.
Сондай-ақ, Ғылыми-педагогикалық кітапхана мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім акдемия бірлесуі нәтижесінде цифрлық кітапхана жасақталған. Осылайша, мұғалімдерге 100 мыңнан аса әдістемелік құрал, диссертация секілді қажет дереккөздер қолжетімді бола түскен.
Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы 25 мектеп Office 365 education цифрлық платформасына көшірілген. Бұл жоба алыс аймақтағы ауылдардың балаларына арналған, оқу бағдарламасын оңтайландыруға бағытталған.
Білім жүйесіндегі кезекті бұл өзгеріс Оқу-ағарту министрлігі мен Microsoft компаниясы арасында саланы цифрландыру мақсатында қолға алынған. Өйткені министрлік тарапынан алыс аймақта орналасқан мектептердегі оқушыларға сапалы түрде білім беру міндеті қойылған.
Оқу бағдарламасын жетілдіру мақсатында ұстаздар да аянып қалып жатқан жоқ. Елордадағы мектептердің бірінің мұғалімі қазақ ауыз әдебиеті мұраларын ағылшын тіліне аударған. 39 жыл осы салада келе жатқан жаңашыл ұстаз бұған дейін де ақпараттық технологиялардың игілігін мектепте қолданса, бұл жолы ұлттық дүниетанымға жақын дүние арқылы жаңа сабақты игертуді көздеген.
Жас мұғалімдер де оқу бағдарламасын жаңарту мақсатында жаңа әдістер таптқан. Қызылорда облысындағы мектеп мұғалімі Мұқан Төлебаев футбол арқылы математика пәнін меңгертіп жүр.
Талапшыл ұстаз басты мақсаты оқушыларды пәнге қызықтыру болғанын айтады. Осы орайда балалар "білімнің күшіне" сену керек екенін түсінген. Тіпті ол ұлттық бірыңғай тестілеуге шәкірттерін дәл осындай тәсілмен дайындай бастаған. Ал уақыт өткен сайын нәтижелер жақсара түскен.
Өңірлерде ұрпаққа сапалы білім беру, пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұстаздар тарапынан да, жауапты органдар тарапынан да тыңғылықты жұмыс атқарылып жатқанын байқауға болады. Күш емес, білім жарыстыратын бүгінгідей заманда мұндай игі бастамалар оқушылардың ынтасын арттырып, талабын шыңдап, білім көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова