Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қатысты талаптарды еске салды

Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар аталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-ағарту саласы өкілдерінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет пен дін бөлек, ал білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Осыған байланысты мектеп формасына қойылатын талаптар барлық білім беру ұйымдарында бірізділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Мектеп формасы ұлдар мен қыздарға арналған күнделікті, мерекелік және спорттық киім үлгілерінен тұрады. Оны таңдауда оқушылардың жас ерекшелігі, климаттық жағдай, оқу орнының ерекшелігі, ғимараттағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

Мектеп формасын кім бекітеді?

Мектеп формасының үлгісін білім беру ұйымдары қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті және мектептің өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен анықтайды. Қабылданған шешім жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

Ата-аналар форманы қайдан сатып алады?

Сонымен қатар ата-аналарға мектеп формасын кез келген сауда орнынан сатып алуға мүмкіндік берілген. Білім беру ұйымдары нақты бір өндірушіні немесе сатушыны таңдауға мәжбүрлей алмайды.

Әлеуметтік қолдау қалай көрсетіледі?

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға көмек беріледі.

Қауіпсіздік талаптары қандай?

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін әшекейлер мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп қағидаларына сәйкес оқу ғимаратында бас киіммен жүруге рұқсат етілмейді.

Ата-аналардың міндеті

Мамандар «Білім туралы» заңға сәйкес ата-аналар мектептің ішкі тәртіп ережелері мен міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін еске салды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!