- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға...
Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасы туралы тараған фейкке қатысты ата-аналарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазіргі таңда Парламентте әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы талқыланып жатыр. Аталған Заң жобасында отбасылардан балаларды мемлекеттік органдардың тартып алуына мүмкіндік беретін нормалар бар деген жаңсақ ақпарат таратылып жатыр. Бұл ақпараттың ешбірі шындыққа сәйкес келмейді деп ресми түрде деп мәлімдейміз", - деді Оспан.
Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобаларында және Мәжілістегі басқа да заң жобаларында балаларды отбасылардан тартып алуға қатысты бірде-бір норма жоқ.
"Мемлекеттік саясат: баланың туған отбасында тәрбиелену құқығын қамтамасыз етіп, балаларды тәрбиелеу мен қауіпсіздігін сақтау мәселелерінде ең алдымен ата-аналарға басымдық беруге бағытталады. Мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған тиімді шараларды үнемі қабылдап келеді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар, құрылған психологиялық және отбасын қолдау орталықтарының жұмысы шеңберінде осындай отбасыларға тұрақты түрде көмектер көрсетіліп жатыр. Құрметті ата-аналар, әртүрлі фейктерге сенбеуді, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан