Өкпені жасанды желдету аппараты коронавирус жұқтырған науқастардың өліміне себеп болғаны рас па?

Өкпені жасанды желдету аппараты коронавирус жұқтырған науқастардың өліміне себеп болғаны рас па?
Фото: astana.gov.kz

Әлеуметтік желіде "жаңа зерттеу өкпені жасанды жолмен желдету аппараты коронавируспен ауырған науқастың "барлығын дерлік" өлтіргенін көрсетті" деген ақпарат тарады. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап. 

Желі қолданушылары The People’s Voice басылымының "Ресми есеп: желдеткіштер COVID-пен ауырған науқастың барлығын дерлік өлтірді" деген тақырыптағы мақаласын бөліскен. Оған қоса бұл мағлұмат орыс тіліндегі ресурста да тараған. Ал Кентукки штатының өкілі Томас Масси Twitter-іне былай жазды: "Желдеткішті қолданғаны салдарынан COVID-19 вирусымен ауырған қанша науқас қайтыс болды? Жақында шыққан зерттеу дерегі көп екенін көрсетіп отыр".

Factcheck.kz

COVID-19 өкпенің зақымдалуына және тыныс алу жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Кез келген адам денесін оттегімен қамтамасыз етуі керек. Ал дұрыс тыныстай алмайтын науқастар өкпені жасанды жолмен желдету аппаратын қолданады. Бұл құрылғы науқастың өмірін сақтап қалуы мүмкін және науқастар емделуге уақыт ұтады. Аппарат адамдарға тыныс алу тамағына қойылған түтік арқылы дем алуға мүмкіндік береді.

Өкпені жасанды жолмен желдету аппараты адамды өлтіреді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Аппараттың кесірінен коронавирус жұқтырғандардың қайтыс болғаны туралы мақала жазған The People’s Voice басылымы бұрын News Punch деп аталған. Бұл ресурс жалған және манипуляцияланған тақырыппен жиі мақала жариялайды.

Желідегі тараған мәлімдемеде Journal of Clinical Investigation журналында сәуірде жарияланған зерттеу туралы жазылған. Алайда жазбада зерттеу нәтижелері бұрмаланған. 2018-2022 жылдар аралығындағы зерттеуге Солтүстік-Батыс мемориал ауруханасында тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты желдеткіштерге қосылған 585 адам қатысты. Бұл науқастар - көбіне COVID-19 не басқа вирус, бактерия түрлерін жұқтырғандар. Зерттеуге қатысқан, желдеткіш көмегіне жүгінген науқастың шамамен жартысы аман қалған. Олар оны қолданбаса, қайтыс болып кетуі де мүмкін еді.

Зерттеудің бірлескен авторының бірі, доктор, Northwestern Medicine компаниясының пульмонолог дәрігері әрі реаниматологы Бенджамин Сингердің айтуынша, "коронавирус жұқтырған науқастың барлығын дерлік COVID-19 емес, желдеткіштер өлтірді" деген идея мүлдем қате.

"ӨЖЖ аппараты науқастардың өлімінің себебі емес", - деді ол.

Осылайша, "өкпені жасанды жолмен желдету аппараты коронавируспен ауырған науқастың "барлығын дерлік" өлтірді" деген мәлімдеме жалған. Ал негізгі дереккөз болған зерттеу жұмысының бар екені рас. Дегенмен онда жазылған мәлімет бұрмаланған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек