Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен 28-ші Бүкіләлемдік Алматы – 2017 қысқы Универсиадасының Шымкентте жағылатын «Алау эстафетасын» ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік штабтың мәжілісі өтті, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Аталған шараның дайындық барысын Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев баяндады. Оның айтуынша, Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) аясында өткізілетін спорттық сайысқа 17-28 жас аралығындағы студенттер, магистранттар мен түлектер жіберіледі. 2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан күндері аралығында өтетін 28-ші Дүниежүзілік Алматы-2017 қысқы Универсиадасына 2000 спортшы, 3000 ерікті, 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер қатысады деп күтілуде.
Халықаралық додада 55 елдің жастары қысқы спорттың 12 түрі (биатлон, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, коньки, мәнерлеп сырғанау, керлинг, сноуборд, фристайл, шайбалы хоккей, шорт-трек) бойынша бақтарын сынайды. Олар 8 спорт нысанында – «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Табаған» ойын-сауық кешені, «Алматы - Арена» мұз сарайы мен «Халық Арена» мұз аренасында өнер көрсетеді.
Оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева, Дархан Мұхамеджанов, Бағлан Іңкәрбек, Жібек Арапбаева ел намысын қорғамақ. Бес спортшы да фристайл бойынша бәсекеге түседі.
«Алау эстафетасы» 28 қаңтарда Шымкенттің Әл-Фараби алаңында жағылады. Оны қаланың орталық көшелерімен алып жүріп, Наурыз алаңына жеткізу рәсіміне 60 алаугер қатысады.
Облыс басшысы аталған спортшық шараның маңыздылығына баса мән беріп, оның жоғары дәрежеде өткізілуіне баршамыздың атсалуымыз қажеттігін айтты. Қала әкімінің орынбасары мен тиісті облыстық басқармалар басшыларын тыңдап, дайындықты күшейтуді тапсырды.