- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ОҚО-да туристік шатырлы...
ОҚО-да туристік шатырлы қалашық салынады
ОҚО-да туристік шатырлы қалашық салынады. Мұндай келісімге «Ontustik Tourism-2016» Халықаралық туристік форумы барысында қол жеткізілді. «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аумағында салынатын «Эко Кэмпинг» жобасының құрылысы келер жылы басталады. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Халыққа қол жетімді бағада ұсынылатын шатырлы қалашық туристке қажетті барлық жабдықтармен қамтылатын болады. Тағы бір айта кететін жайт, мұндағы жарықтандыру күн батареялары есебінен жүзеге асады. Оңтүстіктің туристік әлеуеті мен тау туризмін және альпинизмді дамыту мақсатында қолға алынған жобаны «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ мен «Ontustik» альпинизм Федерациясы бірлесе іске асырмақ.
Сонымен қатар, бүгінгі туристік форумда бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында 7 меморандумға қол қойылды. Олар, Сарыағашта жаңа курорт қалашығын салу, туризм мектебін құру жəне халықаралық автодəліз жолының бойында қызмет көрсететін бірқатар нысандарды салу жобалары болып табылады. Сондай-ақ, шара барысында өңірге инвестиция тарту бағытында бірқатар келісімдер жасалды.
Еске салайық, бүгін таңертең жұмысын бастаған «Ontustik Tourism-2016» туристік форумы туризм саласындағы өңіраралық және халықаралық серіктестіктерді дамытуға және іскерлік қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Форумға 300-ден астам қазақстандық және шетелдік қонақтар қатысуда.
Б. Қанатұлы