Бүгін Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты» тақырыбында мәжіліс өтті, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, діни конфессиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар, семинар жұмысын бейнеселектр арқылы қала және аудан әкімдері, мектеп директорлары мен бас дәрігерлер, жастар мен қоғам өкілдері, барлығы 1200-ден аса адам көре алды.
Мәжіліске төрағалық еткен Ж.Түймебаев Мемлекет Басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесіне баса назар аударылғанын айтып, бүгінгі талқыланатын - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған басты тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
«Жемқорлықтың мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні баршаға мәлім. Осыған орай, жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның ең басты мәселесі. Мемлекетіміздің қозғаушы күші кәсіби мемлекеттік аппарат, яғни мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа алып баратын жол қарапайым әдеп нормаларын сақтамаудан туындайтынын атап өткен жөн», - деді Ж.Түймебаев.
Мұнан соң, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылған облыстағы Әдеп жөніндегі уәкіл Әмірдин Әлішев сөз сөйлеп, өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Айтуынша, уәкілдік құрылған уақыттан бері 68 мемлекеттік қызметші мен басқа да азаматтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын көтеріп, жауаптар алса, Кентау және Қазығұрт ауданынан түскен 2 арыз Әдеп кеңесінің қарауына жолданып, бір мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сай еместігі туралы» тәртіптік шара көрілген. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілге сымтетік арқылы 7 адам хабарласып, мемлекеттік қызметшілермен шешімін тапқан.
Сонымен бірге, отырыста Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев баяндама жасады. Агенттік атынан жасалған мәліметтерде елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының жүзеге асырылу аспектілері ғана емес, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық жинақты ендіру нәтижелері тыңдалды.
«Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының үш жылда бір жүргізетін «Әлемдік жемқорлықтың барометрі» зерттеу нәтижелері Қазақстанда жемқорлықпен күресте оң өзгерістердің байқалып, пара берген азаматтардың саны азайып келе жатқанын көрсеткен. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы бағытталған нәтижелі жүйелі жұмыстың бар екенін тағы да дәлелдейді», - деді А.Шпекбаев.
Төраға орынбасары, сондай-ақ, Оңтүстіктегі білім беру, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың азаймай отырғанын мәлімдеп, Агенттіктің облыстағы департаментіне, Ұлттық бюроға аты аталған сала жетекшілігінің жұмысын Әдеп жөніндегі уәкілдікте қарау тапсырылғанын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша сөз алған облыс әкімі осынау маңызды іс-шара үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевқа алғысын білдіріп, отырыс барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстардың барлығы назарға алынып, олар бойынша тиісті шешім қабылданатын хабарлады.
Сыбайлас жемқорлық көрсеткіштері бойынша өңіріміздің республикада 8-орында екенін атап өткен аймақ басшысы халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп, оңалғанда аталған олқылықтардың азаятынын жеткізді.
«Оңтүстік өңірі үшін бизнес бастап, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды шаруа. Сондықтан, облыста кәсіп бастаймын деген азаматқа құжат рәсімдеуде әкімшілік жағынан ешбір кедергі болмауы тиіс. Ал бұл тапсырмаларды орындамаған кез келген құрылым басшысына кешірім жоқ екенін ескертемін. Сондықтан, жемқорлықтың алдын аламыз десек, еліміздің көркейіп, ондағы халық тұрмысының көтерілуіне бірлесіп қызмет етейік», - деді аймақ басшысы.