- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ОҚО-да өтетін туризм...
ОҚО-да өтетін туризм форумына 10 мемлекеттің өкілдері қатыспақ
Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Жүйріктаев хабарлады.
Оның айтуынша, осы шараға Қазақстаннан және шетелден 250 қонақ келмек. Атап айтқанда, форумға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, Қазақстанның шет елдегі елшіліктері мен шет елдің Қазақстандағы елшіліктерінің, ҚР ұлттық компанияларының, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, шет елдердегі туризм министрліктерінің өкілдері қатысады деп жоспарланған.
Халықаралық шараның ұйымдастырылу барысы туралы жиынға «ОҚО туризм индустриясын дамыту» орталығы қауымдастығының жетекшісі Гүлмира Ақбердиева және "Ontustik Tourism Center" туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары Олжас Шынтаев қатысты.
Журналистермен болған басқосуда спикерлер аталған форум аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы - Жібек Жолының жүрегі» тақырыбындағы бизнес-конференция мен «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі, сонымен қатар, облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылатынын жеткізді.
«Туризм саласындағы өңіраралық және халықаралық серіктестіктерді қарқындатып, туризм мен қонақжайлық қызмет саласында іскерлік қатынастар орнату және дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан форумда қатысушылар үшін әлеуетті бизнес-серіктестермен B2B кездесулер өткізіліп, меморандумдар түзіледі деп күтілуде. Сонымен бірге, «ONTUSTIKTOURISM-2016» туризм шарасында туристік және қонақүй бизнесі саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардан қажетті кеңестер алуға мүмкіндік туады», - деді О.Шынтаев.
Дереккөз: inform.kz