- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ОҚО-да кәсіпкерлік пен...
ОҚО-да кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту жайы қаралды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен селекторлық жиын өтті. Мәжіліске облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде, өңіріміздегі индустриалды аймақтардың мәселелері мен 2016 жылға арналған негізгі капиталға бағытталған инвестиция көрсеткішінің орындалу барысы және жылыжай шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басқосуда облыс басшысы бүгінгі таңдағы ең негізгі талап - экономиканың қарқынын сақтау, сол арқылы тұрғындардың әл-ауқатын әлсіретпеу қажеттігін айтты. Яғни, аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықтың көбеюіне жол бермеу керек.
Сонымен бірге, аудан, қала әкімдіктерімен болған тікелей байланыста әкім индустриялық аймақ, жылыжай және инвестиция салаларына әлі де көп көңіл бөлу керектігін айтты. Жалпы, облыстағы индустриялық аймақтарда 83 жобаны жүзеге асыру көзделсе, бүгінге дейін соның 42-і ғана орындалған. Ал, экономикаға инвестиция тарту өткен жылға қарағанда 40 миллиард теңгеге кеміген. Жері шұрайлы, ауа райы қолайлы өңірдегі жылыжай өндірісінде ілгерілеу аз.
Өз кезегінде аймақ басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың есебін тыңдады. Ж.Түймебаев жылыжай өндірісіне, әсіресе өнеркәсіптік жылыжайларға ерекше маңыз беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, әкім Өзбекстан мен Қытайдың өніміне тәуелді болмай, Оңтүстіктегі жылыжайдың отаны саналатын - Сарыағаштан бөлек, барлық аудан, қалаларда жылыжай өндірісіне жете мән беру керектігіне тоқталды.
Жиын қорытындысы бойынша, Жансейіт Түймебаев селекторлық мәжілісте айтылған өзекті мәселелер шеңберінде аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
T. Кіршібаев