- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ОҚО-да «Жастар орталығына»...
ОҚО-да «Жастар орталығына» жеке ғимарат берілді
Шымкентте «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі мен облыс әкімінің жүлдесі үшін республикалық «Жайдарман» ойыны өтті. Жаңа ғимаратты аралап көрген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жастар ұйымдарының алдағы жұмыс жоспарымен танысты, - деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Бүгінде өңірімізде 800 мыңға жуық жастар бар. Яғни облыс халқының 30 пайызын жастар құрайды. Бұл үлкен күш. Сондықтан дәл осындай орталықтардың 16-сын іске қосып отырмыз. Алдағы уақытта жастар белсенділігі арта түседі, бірігіп, бірлесіп жұмыс істейміз деген сенімдемін», - деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы.
Үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы алаңы – 1979,9 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатында фойе мен 8 жұмыс бөлмесі орналасқан. Күрделі жөндеуден өткен 600 орындық концерт залы заманауи кейіпте қайта жабдықталған.
Аталған орталық жастардың жобалары мен бастамаларын сүймелдеуді, волонтерлік қозғалыс пен жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға күш салмақшы. Сондай-ақ жастардың рухани, мәдени және шығармашылық әлеуеттерін жандандыруды, өмірдің қиын жағдайына тап болған балалар мен отбасыларға психологиялық көмек көрсетуді жүзеге асырады.
Жаңа ғимараттағы жастармен жүздесу соңы облыс әкімінің кубогы үшін дәстүрлі түрде өткізілетін «Жайдарман» ойынына ұласты. Әзіл сайысының көркін республиканың түкпір-түкпірінен келген үздік командалар қыздырды. Атап айтсақ, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Тараз, Жетісай қалаларынан келген әзілкештер көрерменге керемет күлкі сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын яғни 300 мың теңгелік сыйақы жетісайлық «Сырдария» командасына бұйырды. Шымкенттік «Байдың балалары» командасы 2-орыннан көрініп, 200 мың теңгелік сыйақыны иемденді. Ал талдықорғандық «Шапалақ» командасы үздік үштіктің қатарынан табылып, 100 мың теңгелік қаржылай сыйлық табысталды. Айта кетейік, жарыс жеңімпазына өңір басшысы Жансейіт Түймебаев кубогты арнайы табыс етті.
T. Кіршібаев