Нұра ауданы Қайнар ауылы маңындағы Құланөтпес өзенінде жүзге жуық киіктің өлексесі табылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"26 маусымда "Охотзоопром" ӨБ" Орталық өңірлік филиалының Қарағанды тірек пунктінің инспекторлары сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы тұяқты жануарларды және киікті қорғау бойынша Қарағанды орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, сондай-ақ, Табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлескен іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде Қарағанды облысы Нұра ауданы Қайнар ауылынан батысқа қарай 20 шақырым жердегі Құлан өзенінен барлығы 86 киік лағының өлексесі табылды", - делінген хабараламада.
Ведомство мәліметінше, жануарлардың жынысын анықтау мүмкін болмаған, сондай-ақ, терінің жоғарғы қабатында оқ іздері табылмаған (қылмыс іздері жоқ). Киік өлекселері судан алынып, арнайы полигонға апарылып жойылды. Олар өзеннен өту кезінде суға батып кеткен.
Еске салайық, Қарағанды облысында жүзге жуық киіктің өлексесі табылды. Инспекция қызметкерлері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Ақбөкендердің өлекселерін тексеру барысында Құланөтпес өзенінен 86 өлексе табылды. Ақбөкендердің өлімінің себебі өзеннен өте алмай суға батып кетуі болды. Сонымен қатар, ақбөкендердің өлекселері бүлініп кеткен. Тексеріс кезінде оқ іздері табылған жоқ. Қылмыстық іздер жоқ", - деді инспекция қызметкерлері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!