Ақмола облысының Астрахан ауданында ер адам өзінің алты жасқа енді толған өгей қызын зорламақ болған. Қазіргі уақытта полиция қызметкері қоғам арасында резонанс тудырған қылмыстық істі толықтай ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияның мәліметінше ауыр оқиға осы жылдың қаңтар айында Астрахан ауданында болған. Сексуалды сипаттағы зорлық қылмысы бойынша тергеу жүргізу аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Жанар Тәкеноваға тапсырылыпты. Полиция қызметкері тергеу барысында барлық қажетті тергеу амалдарын жүргізіп, сараптама нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адамды анықтаған. Жантүршігерлік іске барып балаға зорлық әрекетін жасамақ болған оның өгей әкесі болып шыққан.
"6 жастағы Әсия (есімі өзгертілген) өгей әкесінен қорқып анасына болған жағдайды баян ете алмапты. Тергеушінің ықпалымен қылмыстық іс деректері анықталғаннан кейін ер адам қашып кетпек болған. Бірақ тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді", - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция аға лейтенантының айтуынша мұндай істер өте ауыр, сондықтандан барынша мұқият қарап, әсіресе іс балалар мен әйелдерге қатысты болса бар күшін жұмсайды екен. Кейін тергеуші Жанар Тәкенованың атына зардап шеккен қыздың анасынан алғыс хат та келіп түсіпті. Әйел құқық қорғаушыға кәсібилігі мен жауаптылығы үшін шын жүректен ризашылығын білдірген.
"Тергеуші Жанар Такеноваға принципшілдігі, жанашырлығы, түсіністігі мен ақкөңілдігі үшін алғыс айтамын", - деп қорытындылапты хат авторы.
Полицияның мәліметінше қазіргі уақытта полиция қылмыстық істі толықтай дәлелдеп шыққан. Қылмыстық іс келесі аптада соттың қарауына тапсырылмақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!