АҚШ-та ғалымдар обырдан емделудің жолын тапты. Мамандардың айтуынша, осы әдіс арқылы ем қабылдағандардың 90 пайызы жазылып кеткен. Өздерінің революциялық жаңалығы туралы олар Вашингтонда өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
Жаңа әдіс адам ағзасына обыр жасушаларымен күресетін иммундық жүйені енгізуге негізделген. Тәжірибе барысында бірнеше емделушіден Т-киллер (Т-жасушалар тобынан тұрады. Олар бұзылған жасушаларды, оның ішінде қатерлі ісік жасушаларын жояды) деп аталатын иммундық жасушалар алынды. Бұл жасушалар зертханада адамның қатерлі ісік жасушаларын тауып, оны жоятындай етіп қайта бағдарламаланады. Осыдан кейін жасушалар науқастың қанына қайтадан жіберіледі.
Зерттеу тобының жетекшісі, профессор Стэнли Ридделлдің айтуынша, жаңа әдіс бұрын ешқандай жолмен емделе алмаған адамдарды құтқарған. "Осы әдіс арқылы емделгендердің жасушаларынан аққанның (лейкемия) белгілері табылмады, яғни қатерлі ісікке шалдыққан қан жасушалары түгелдей жойылды. Бұл теңдесі жоқ нәтиже", − деді ол. Сонымен қатар ғалым осы терапияны қабылдаған екі науқастың қайтыс болғанын мәлімдеді.
Қатерлі ісікке қарсы жаңа әдістің жұмыс істеу барысы
Жаңа әдіс толық жарияланбағандықтан, басқа ғалымдар мұның негізін толық түсіне алмай отыр.
Лейла Ричардс - жаңа әдіс арқылы емделіп шыққандардың бірі
"Біз бірнеше уақыттан бері осы технологияны қолданысқа енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тек аққан дертіне шалдыққандарға пайдалы болғандықтан, енді оны обырдың басқа түрімен ауыратындарға пайдалану жолын табуды мақсат еттік", − деді Қатерлі ісік ауруларын зерттеу орталығының докторы Алан Ворсли.
Дереккөз: tengrinews