Айтақын Бұлғақов Жүрсін Ерманнан қысым көргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол "Айтыс Strike" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Бағдарлама жүргізушісі Жандарбек Бұлғақов әкесі Айтақын Бұлғақовқа "Оралхан Бөкейдің 50 жылдығына орай өткен айтыстың финалында Қуаныш Мақсұтовпен айтыстың. Сол айтыста Қуаныш Мақсұтов сен Абайдың 150 жылдығында мас болып, киіз үйде ләйліп жатқансың, сахнаға шыға алмағансың. Мен осы ра па екен, әкемнің шынымен мас болып жатқан кезі болды ма екен деп ойланып қалдым. Осы рас па" деген сұрақ қояды.
"Мен Абайдың тойына да, Жамбылдың 150 жылдығына да барған жоқпын. Ол кездер қуғын-сүргін көріп жүрген кездер еді. Анау сахнада өтірік айтты. Қуаныш Өскеменге бізден бір апта бұрын барып, мектептерін аралап, кездесу өткізіп, халықты өзіне дайындаған ғой. Ол идеолог болып істеген, оратор ғой. Көрермендерді жинаған, ана жерге Қуаныштың көрермендері келген ғой. Ана жерде сен Абайдың тойында құсып жатқансың деп еді ел кет, сахнадан кет деп ду ете қалды. Ол жерде қалай отырасың? Мен ол тойға барған жоқпын деп айта алмайсың. Сахнадан шыға салып ұрайын десем, қашып кетіпті", - дейді Айтақын Бұлғақов.
Айтыскер ақын өзінің ұстазы, ақын Қонысбай Әбіловтың мерейтойына қатысуына Жүрсін Ерман рұқсат бермегенін де жасырмады.
"Қонысбайдың тұсауымды кескені рас. Оның 50 жылдығына шапанымды алып шыққанымда рас. Ол Астанада тіл комитетінде жұмыс істеді. Тілге қатысты айтыс та болатын еді. Айтысқа билет сатылған. Біздің жол шығынымыз, қонақ үйіміз бәрі төленген. Мақсат Ақанов, Айбек Қалиев, Серікзат Дүйсенғазиев бар бәріміз қонақ үйге жаттық. Кейіндеу бізге Жүрсін Ерманнан хабар келді. Оның обал сауабы Жүрсін Ерманға болсын. Жүрсін Ерман хабарласып, "артқа қайтыңдар, не менімен боласың, не Қонысбаймен боласың" деді.
Мен сол жерде Жүрсіннен рұқсат сұрадым. Менің алғаш тұсауымды кесіп еді, шапанымды жабайын деп едім деп айттым. "Сендер маған хабарласпай кетіп қалдыңдар, Қонысбай маған конкурент болып жатыр, кім ол?. Қайт деген соң қайт" деді. Егер қайтпасаң көзіңді құртасың деді. Сөйтіп сол күні түнде айтпай қашып кеттік. Осы жағдайдан кейін Қонысбайдың жүрегі ұстап, ауруханаға түскені де рас. Инфаркт алды. Қонысбай ауруханадан шыққаннан кейін Егемен Қазақстанға "Айтақын қонақ үйге бір түнеуге келген жоқ шығар" деген мақала жазды. Оңбай таяқ жедім", - дейді Айтақын Бұлғақов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!