- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрсұлтан Назарбаев: Үкiметтiң...
Нұрсұлтан Назарбаев: Үкiметтiң басты мiндетi – қазақстандықтардың өмiр сапасын төмендетпеу
Күрделi кезеңдегi Үкiметтiң басты мiндетi – қазақстандықтардың өмiр сапасын төмендетпеу. Кеше Ақордада өткен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлiм еттi.
«Қазiргi жағдайда экономикалық әлемдiк ахуал жақсаратыны күтiлiп отырған жоқ. Еуропадағы да, Ресейдегi де, төңiрегiмiздегi барлық жағдай бiзге ықпал етпей қоймайды. Дегенмен, соған қарамай, бұған дейiн жалпы қазақстандықтардың өмiр сапасын төмендетпеуге қатысты шаралар атқарып келемiз. Бұл бағыт жалғасуы тиiс. Ендiгi мiндет – әлеуметтiк ахуалды қарап, алдағы уақытта не iстеу керек, қандай жаңа шаралар қамтылуы тиiстiгiн қарастырамыз. Сол үшiн кездесiп отырмыз», дедi Үкiметтiң кеңейтiлген отырысын ашқан Президент.
Бұл ретте Елбасы бұған дейiн қабылданған жоспарларға, әлемдiк ахуалға, соның iшiнде көмiрсутек шикiзатының әлемдiк бағасындағы мәселеге тоқтала келе, көптеген елдер күрделi кезеңдi бастан кешiрiп отырғанын жеткiздi. Алайда, бұған қарамастан Қазақстан Үкiметi қиыннан жол тауып, халықтың әлеуметтiк жағдайын төмендетпеуге жұмыс iстеуi керек. «Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзiлiк банк әлемдiк экономика үш пайыздың төңiрегiнде ғана болады деген болжам жасағанын бiлесiздер. Мұның бәрi бiзге тiкелей ықпал етедi.
«Үкiметте жалпы өзгерiстердiң болып жатқанын естiп, бiлiп отырсыздар. Оның өзiндiк логикасы бар. Бұл – бiрiншiден. Екiншiден – қауiпсiздiк мәселесiн күшейту, нығайту мәселесi де бар. Содан кейiн мен Кәрiм Мәсiмовтi өзiнiң келiсiмi бойынша сол үлкен қажеттi жерге тағайындадым. Тәжiрибесi бар. Республиканың жағдайын бiледi деп тағайындадым. Премьер-министрдi қызметiнен босатуыма байланысты қазiр Үкiмет отставкада. Көп созбай бәрiн шешетiн боламыз. Жаңа басшыларды да, жаңа министрлердi де. Онша көп өзгерiстер бола қоймас деп ойлаймын. Себебi, Үкiмет қиын-қыстау жағдайда жүктелген тапсырманы орындап жатыр» дедi Н.Назарбаев.
Кеңесте Елбасы: «Мемлекет мiндеттемелерi мүлтiксiз орындалуы тиiс. Экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Оң өзгерiстер бар. Инвестициялар 6 пайыздан астамға өстi. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейiнде сақталып қалды» дедi.
Осы ретте Мемлекет басшысы бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы – 30, жәрдемақылар 25 пайызға өскенiн, зейнетақы 9 пайызға индекцияланғанын атап өттi. 673 мың адамның әлеуметтiк жәрдемақысы артқанын айтты.
«Қазақстанда жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келедi. Оларға да көмек жасатып отырмыз. Яғни, атап өткенiмдей, мемлекет мiндеттемелерi мүлтiксiз орындалуы тиiс, олар орындалып та жатыр. Мұнан ары да дәл осылай қолдау жалғаса беретiн болады. Ағымдағы жылы денсаулық сақтау саласына 1 трлн. теңге бөлiндi. Бұл дағдарыс құбылысына қарамастан өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық» дедi ҚР Президентi.
Сонымен қатар Н.Назарбаев бiлiм беру саласына биыл 1,63 трлн. теңге бөлiнгенiн атап өттi.
Мемлекет басшысы өз сөзiнде жаппай кәсiпкерлiктi ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жайына баса көңiл аударды. «Ақпарат құралдарында да жарияланды. Мен әрбiр облысқа барғанымда ең бiрiншi маған жасайтын баяндама қанша жұмыс орны құрылғандығы жайында болуы керек. Әр аудан мен ауылдардың арасында кiм қанша жұмыс орнын құрғандығы жөнiнен бәсеке болуы керек. Бiздiң халыққа жасайтын ең жақсылығымыз сол. Басқасын өз қолымен жұмыс iстеп, қаражатын тауып, бала-шағасын асырауы керек» деп атап өттi ҚР Президентi.
Осы ретте Мемлекет басшысы жаппай кәсiпкерлiктi дамыту мәселесi ең негiзгi басымдықтың бiрi болып қала беретiндiгiн баса айтты.
«6 жылдан астам уақыттан берi «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы жұмыс iстеп тұр. Мұны бiлесiздер. Оның аясында ондаған мың шағын және орта бизнес 270 млрд. теңге сомасына қолдауға ие болды. Келесi бағдарлама – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жүзеге асырылуда. 5 жылдың iшiнде оған 450 млрд. теңге, оның iшiнде ағымдағы жылда ғана 218 млрд. теңге бөлiндi» дедi Н.Назарбаев.
ҚР Президентiнiң мәлiметтерiнше, бүгiнгi күнi аталған бағдарламалардың арқасында 722 мың адам жұмысқа орналасса, оның iшiнде 518 мың адам тұрақты жұмыс тапты.
«Бiзге бұл бағдарламаларды одан ары дамыту, қолдау тетiктерiн жетiлдiру қажет» дедi Мемлекет басшысы.
«Серпiн» жобасы iске асып жатыр»
«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек күшi тапшы аудандарға 20 мыңға жуық адам көшiрiлдi. Еңбек ұтқырлығы бойынша жұмыс берушi мен жұмысшыларға бiрiн-бiрi табуға көмектесу қажет. Осыған байланысты бiз «Серпiн» деген жобаны iске асырып жатырмыз ғой. Ол халық тығыз тұратын өңiрлердiң жастарына бiлiм берiп, оларды кадр тапшы аймақтарға жұмысқа орналастыруға мүмкiндiк бередi. Қазiрдiң өзiнде мендегi бар деректерге сәйкес 12,5 мың жас маман оқу орындарында дайындалып жатыр. Мұнан өзге 20 мыңдай адам «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек күшi тапшы аудандарға көшiрiлдi» дедi Елбасы.
Мемлекет басшысы солтүстiкте де, батыста да, шығыста да жұмыс күшi аз өңiрлер бар екендiгiн, ал, оңтүстiкте жұмыс таппай бос жүрген жастар көп екенiн баса айтты. Сонымен қатар, Елбасы Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсеновадан бүгiнгi күнi солтүстiк өңiрге қанша адам көшкенiн сұрады.
«Бұл бағдарлама аясында биылдың өзiнде 329 отбасын Оңтүстiк Қазақстаннан Солтүстiк, Шығыс Қазақстан облыстарына көшiрдiк. Оның iшiнде Солтүстiк Қазақстан облысы мен Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiктерi арасында өте тығыз байланыс орнатылып, жұмыс жүргiзiлуде. Ал, жастарды Бiлiм министрлiгi қосымша жiберiп жатыр. Солтүстiк Қазақстанның өзiне биыл 3 мың адам оқуға жiберiлдi. Бiз «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы қаражатын берiп жатырмыз. Ал, Бiлiм министрлiгi жастарды жiберуде» дедi Т.Дүйсенова.
Осы орайда ҚР Президентi солтүстiктегi кәсiптiк-техникалық оқу орындарының үштен бiрi бос тұрғанын қаперге салды. «Сол жерде 1-1,5 жылдың iшiнде оқыту керек. Бұл тегiн ғой. Бiз бiрiншi техникалық бiлiмдi тегiн беремiз деп жарияладық» дедi Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкiметке агроөнеркәсiп кешенiн дамытуға ағымдағы жылдың өзiнде 97 миллиард теңге бөлудi тапсырды.
«Бұл қаражатқа жоғарыда айтқанымыздай сумен қамтамасыз ету, субсидиялау шаралары да қамтылсын. Осыны жақсылап пайдаланып, ұқсатып жұмсасаңдар өңiрлерде көп шаралар жасауға да болатын едi» дедi Елбасы.
Бұдан бөлек, Н. Назарбаев ветеринарлық мәселенi шешуге де назар аудартты. Президент биылғы жылы түйнеме бiрқатар өңiрлердi алаңдатқанын атап өттi.
«Адамдар да қайтыс болып жатыр. Бiз әрбiр жыл сайын қомақты қаражат бөлiп, бiрақ ол iндеттен толық құтылмай өмiр сүргенше, оны түбiрiмен өзгертуге тиiспiз. Ветеринарлық мәселенi жақсартпай өнiмдi шетелге шығарып сату еш мүмкiн емес. Сондықтан да, әкiмдер ветеринарлық қауiпсiздiк үшiн тiкелей жауапты болады. Негiзiнен бұл мәселенiң әкiмдер құзырына берiлгенiне де бiрнеше жыл болды» дедi Мемлекет басшысы.
Тарифтердi өсiрмеудi тапсырды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкiметке бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етiп, тарифтердi өсiрмеудi тапсырды.
«Макроэкономикалық тұрақтылықтың кепiлi – инфляцияны 2016-2017 жылдары 6-8 пайыздық дәлiзде ұстау. Айырбас бағамын еркiндiкке жiбере отырып, бiз өндiрушiлерiмiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз еттiк. Өсiм қарқыны қалпына келе бастады. Сонымен қатар, теңгенi түзету инфляциялық процестiң күшеюiне әкеп соқты. Осыған байланысты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етiп, биыл табиғи монолполиялар қызметiне тарифтiң өсуiне жол бермеу шараларын жүзеге асыруды тапсырамын» дедi Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Елбасы биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнiм түскенiн айта келе, оны республика көлемiнде оңтайлы бөлу, ауылдарды қамтамасыз ету мәселесiн жүктедi.
ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Үкiметке «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бiрыңғай бағдарламасын әзiрлеудi тапсырды. Аталған бағдарламада елдiң әрбiр азаматына 10 сотық жер бөлу туралы мәселесi қозғалатын болады.
«10 сотық жердi берiңдер»
«Бiз адамдарға тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер беремiз деп айттық. Ендi халық талап етуде, 10 сотық жердi берiңдер. Бiзде дала жетедi ғой. Сонымен далаға барып, құрылыс бастайсыздар, ал, одан не шығады? Ол жақта жол, жарық, су, жылу жоқ. Бұлай беруге болмайды. Егер беретiн болсақ, коммуникациясын, жердi дайындап алу қажет. Тұрғын үй құрылысы барысында жеке баспана салушылардың шығындарын төмендете отырып, инженерлiк-әлеуметтiк инфрақұрылымын дайындап алуға ресурстарды шоғырландыру керек. Бiз тұрғын үй құрылысының 30 пайыз шығынын өзiмiзге аламыз, рахметтерiн айтсын. Бұл бюджеттен қаржыландыру үлесiн қысқарта отырып мол жеке инвестицияны тартуға септiгiн тигiзедi және адам өз үйiне ие болады» дедi Елбасы.
Мемлекет басшысы жеке тұрғын үй құрылысы мемлекеттiң инженерлiк инфрақұрылымы тартылған жер телiмдерiмен қамтамасыз етуiне тiкелей байланысты екендiгiн баса айтты. Сондықтан Үкiмет өз үйiн салатын азаматтардың қаржысын қайтару тетiктерiн де ойластырғаны жөн.
«Мәселен, BI-Group Алматы мен Астанада толық ауылдарды салуда. Мүмкiн осы жолмен жүрермiз? Яғни құрылысшыларға ақшаны берiп, халыққа: «Сiздер қаладыңыздар ма? Мiне, сiздерге 10 сотық жер, мынадай сәулет жобасымен салдық, сатып алыңыздар» деп жариялайық. Бұл мәселеде несие берiп немесе басқаша көмектесетiн боламыз... Әкiмдер Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп жер қорына сараптама жүргiзуi тиiс және бас жоспарларға өзгертулер бойынша ұсыныс енгiзсiн» дедi Елбасы.
«Елiмiз Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын жақсы көңiлмен қарсы алатын болсын»
Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкiмет пен барлық деңгейдегi әкiмдерге осындай тапсырма жүктедi.
Мемлекет басшысы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойын кеңiнен атап өтетiндiгiмiзге баса назар аударды.
«Той-томалақ пен жиналыстар өткiзу бiр басқа. Әрбiр ауыл, әрбiр аудан, әрбiр қалада халық бүгiнгi күнi не iстелiп жатқанын көрiп, бiлетiн болсын. 25 жылдың iшiнде адамның ойына келмеген шаруалар, 100 жылға татитын дүниелер жасалды. Ол барлық ауылда да, ауданда да, облыста да көрiнiп тұр. Қиыншылық жағдайлар болса адамдарға көмектесу қажет. Барша жұртшылық, елiмiз жақсы көңiлмен қарсы алатын болсын» дедi Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы осыдан бiраз уақыт бұрын Премьер-министрге тапсырма берiлiп, ол бiраз өңiрдi аралап шыққандығын еске салып өттi. Нәтижесiнде өңiрлердегi түйткiлдердi шешумен айналысатын арнайы топтардың құрылғанын айтты.
«Келесi Үкiмет сол тапсырмаларды ары қарай орындап, әкiмдермен бiрге барлығын шешуi қажет. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламалары дағдарысқа қарсы жүзеге асырып жатқан iс-шаралар едi. Ол өз нәтижесiн беруде деп айтуға болады. Мұны тек қана экономикалық көрсеткiштерден ғана емес, нақты өмiрден де көрiп отырмыз» дедi ҚР Президентi.
«Жақын күндерi Үкiметтiң жаңа құрамы қалыптастырылады. Бүгiн тапсырмаларды бердiм. Осы ретте Астанаға келген өңiр әкiмдерi тиiстi кездесулердi өткiзiңдер. Бүгiн-ертең, таяу арада Үкiметтiң құрамы қалыптастырылып, тағайындалатын болады, яғни жұмысқа кiрiседi. Елiмiзге, халқымыз үшiн бiрiгiп жұмыс iстейiк! Барлықтарыңызға сәттiлiк тiлеймiн!» дедi Президент.
Дереккөз: okg.kz
T. Кіршібаев