Нұрсұлтан Назарбаев: Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына айналуы тиіс

Нұрсұлтан Назарбаев: Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына айналуы тиіс
Фото: akorda.kz

Қазақстан Президенті Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап. 

Қала активі алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы республикалық мәртебеге ие болған қаланың алдында заманауи әдістер мен пысықталған стратегияны талап ететін жаңа міндеттер тұрғанын айтты.

"Еліміздің бір миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполисіне айналған Шымкент Астана мен Алматы қалалары сияқты өзінің даму моделін өзгертуі тиіс. Қалада бірқатар перспективалы жобалар жүзеге асырылып жатыр және одан да көбі жоспарланған. Сондықтан, Шымкенттің одан әрі даму жолдарын талқылап, стратегиясын айқындауымыз қажет", - деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев кеңеске қатысушылардың назарын Шымкенттің жаңа мәртебесіне қатысты жекелеген мәселелерге аударды.

"Шымкент Орталық Азияның мықты экономикалық орталығына, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы жағдай жасалған үлкен әрі тартымды мегаполиске айналуы тиіс. Қаланы дамытудың жаңа стратегиясы осы өңірде ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталық қалыптастыруға бағытталуы қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қалада шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, фармацевтика және медициналық қызмет көрсету саласындағы кластерлер мен кәсіпорындарды дамытудың маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттырып, Назарбаев Университетінің және Инновациялық технологиялар паркінің үлгісімен заманауи инновациялық орталықтар құру қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы мегаполистің туристік әлеуетін өркендету үшін қаланың халықаралық байланыстарын нығайту мәселелеріне де тоқталды.

"Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан шаһар барлық бағыт бойынша жүйелі дамуы тиіс. Халықаралық ықпалдастықты да ілгерілету қажет. Ресей Федерациясымен бірлесіп өткізілетін өңіраралық форумдар сияқты Өзбекстанмен де осындай іс-шараларды жоспарлап, тұжырымдамасын пысықтау керек. Үкімет қала әкімдігімен бірлесіп, Шымкентте халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарын әзірлеуі тиіс", - деді Қазақстан Президенті.

Кеңес барысында қаланы "ақылды технологияларды" қолдану арқылы концептуалды түрде дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды.

"Сәулет және қала құрылысы нормаларының бұзылуына жол бермеу, ретсіз құрылысты тоқтату және бір қабатты үйлердің құрылысын азайту маңызды. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлерді бұзып, босатылған жерлерді тиімді пайдаланып, орнына заманауи саябақтар, спорт аландарын, көп қабатты тұрғын үй кешендерін, бизнес орталықтарын салу қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы қалада әлеуметтік инфрақұрылым, соның ішінде балабақшалар мен мектептер, медициналық мекемелер мен тұрғын үйлер салу мәселелеріне тоқталды. Осыған орай Қазақстан Президенті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін пайдалануды және "7-20-25" бағдарламасы бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.  Шымкент қаласы әкімдігінің сайтындағы мәліметтер бойынша, қала əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Мемлекет басшысына Қала күні мерекесі ретінде 19 маусымды ресми бекітуді ұсынды. Айта кетейік, дəл сол күні Елбасы Шымкентке республикалық қала мəртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойған. Сонымен қатар Назарбаев Шымкент үлкен мегаполиске айналып жатқанын және шымкенттіктердің еңбекқорлығы – қаланы дамытудың кепілі екенін айтты.

Massaget.kz