- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық...
Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық жастар форумына қатысты
Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміз тәуелсіздік алған бастапқы уақыттағы мемлекеттілікті қалыптастырудың қиын кезеңі туралы әңгімелеп, республикамызда жастардың өмірден өз орнын табуына бірегей мүмкіндіктер жасалғанына, жедел өзгеру үстіндегі қазіргі әлемнің заманауи талаптарына сай келетін, сын-қатерлеріне лайықты төтеп беретін сапалы білім алудың маңыздылығына назар аударды.
Қазақстан Президенті еліміздің жеткен табысының тарихы – ең алдымен оның жастары қол жеткізген табыстың тарихы екенін атап өтті.
– Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға – кәсіби білім» бағдарламасының енгізіліп жатқанын айтты.
– Мемлекет баршаның өндірістен жұмыс орнын табуына кепілдік беретін өмірдегі алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға мүмкіндік туғызып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісіне зор мән беріліп отырғанын айтты.
– Тек 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта жас бизнесмендердің 55 жобасына банк несиелерінің пайыздық төлемдерін мемлекет тарапынан субсидиялау түріндегі қаржылық қолдау көрсетілді. Біздің мақсатымыз – еліміздің шағын және орта бизнесінің Қазақстан өнімінің жартысынан астамын өндіруіне қол жеткізу, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті «Жасыл ел» студент және жастар жасақтары жұмысына қатысушыларға айрықша ризашылығын білдірді.
– Еңбек жасақтарының жұмысына 250 мыңнан астам жас атсалысты. Олар 150 мың гектар жерге 50 миллионға жуық ағаш отырғызды. Еңбек жасақтарының ізгі мақсаты – елімізді көгалдандыру және оның экологиялық тұрғыдан таза болуын қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында жас зерттеушілер мен ғалымдар санының артқанын айтты.
– Жастарымыздың әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университетінде білім алуына мүмкіндіктері бар. Бүгін жастар алдында бар әлемнің есігі ашық. Сіздер жақсы уақытта өмір сүріп, болашаққа нық қадам басып бара жатқан елмен бірге өсіп келесіздер. Ел ішінде де, әлемде де, соның ішінде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас саласында да жұмыс жасайтын бір ғана қағида бар, ол – бәсекеліктің мәңгілік механизмі, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті ғылымды қамтитын экономикаға көшу оның өсімінің икемділігін, қарқындылығын және орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Сондықтан Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуы ғылымды қамтитын экономикаға негізделуге тиіс. Әлем жаңа технологиялық дәуірге аяқ басты. Оның үрдістері таңғалдырады, тәнті етеді және тамсандырады, сонымен бірге ол елдің келешегіне қатысты мәселеге орай қатаң талап қояды. Болашақ біздің алдымызға мынадай үзілді-кесілді шарт қойып отыр: бар бол, жетіл немесе жоқ бол! – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологиялар заманында қоғам үшін сын-қатер болып саналатын құбылыстарға айрықша тоқталды.
– Бұл инновациялардың артында тұрған негізгі әлеуметтік сын-қатер ол – көптеген кәсіп түрінің жойылуы, жұмыс орындарының жаппай қысқаруы, яғни жаһан бойынша жұмыспен қамту аясының тарылуы. Осы орайда бұған дейін менің бастамаммен әзірленген инновациялық индустрияландыру, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламаларымен тығыз байланысты Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының өзектілігі ерекше артып келеді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті дамыған елдердің университеттерінде қарқын алып келе жатқан жастар инновациясына баса назар аударды.
– Қазақстан студенттері ортасында да стартап санының артуы үшін осындай қолайлы жағдай жасау қажет деп санаймын. Қазір еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында да алғашқы табысты жобалар пайда бола бастады. Осы тәжірибені өрістете түсу керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігі басшылығының, жоғары оқу орындары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларының міндеті, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті туризм, құрылыс, халыққа қызмет көрсету салаларында, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында еңбекпен қамтуға және кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев спортшылар мен шығармашыл жастарға, барлық жас өнер қайраткерлеріне ыстық ықыласын білдірді.
– Мәдени бағдарлама аясында және «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі волонтерлер жұмысы барысында Қазақстанды лайықты деңгейде танытуларыңа тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті баршаға денсаулық, бақыт және игілік тілеп, мемлекеттің барлық табысына еліміздегі тұрақтылықтың, тыныштықтың және 100-ден астам этнос өкілдері достығының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Форум барысында Астана қалалық мәслихатының депутаты А.Оралов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, театр және кино әртісі А.Әлімжан, «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқармасының төрайымы Ә.Жиенбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының белсендісі М.Споткай, 2016 жылғы Азия IT конференциясының жеңімпазы С.Нәукенов, «Қазақстан алюминийі» АҚ экономисі Ә.Досанова, «Open Technologies Group» компаниясының негізін салушы Қ.Ахметов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрағасы Қ.Төлеушин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары республикалық штабы» жекеменшік мекемесі басшысы Р.Хамидуллин, Қарағанды мемлекеттік университеті «Роботтар мен ақылды машиналар зертханасының» меңгерушісі Н.Есмағамбетов, гроссмейстер, шахматтан халықаралық турнирлер чемпионы Д.Сәдуақасова, кәсіпкер, «Қазақстандық OTAN сағат компаниясының» басшысы А.Тоқсанбаев, Мюнхендегі Максимилиан Людвиг университетінің докторанты Қ.Әбдиева, «TERRAPOINT» ЖШС инженері Д.Хоменко сөз сөйледі.
T. Кіршібаев