- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр...
Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады
Кездесу барысында Б.Сағынтаев Мемлекет басшысына елдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері және басты мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта жүзеге асып жатқан барлық бастаманы келесі жылы одан әрі тиімді жалғастыру үшін қажетті негіз қалыптасқанын атап өтті.
– Біріншіден, бюджетке тиісті өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, барлық қажетті мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Атап айтқанда, республиканың қарқынды индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету және тиімді көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейтін «Нұрлы жол» даму бағдарламасы аясында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығы анық, – деді Елбасы.
Баяндамасында Премьер-Министр республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық негізгі көрсеткіштері жөнінен оң серпін бар екенін айтты.
Б.Сағынтаев Қазақстан Президентінің биылғы 9 қыркүйектегі кеңейтілген Үкімет отырысында берген тапсырмаларының уақытында орындалып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, ел экономикасының одан әрі дамуына ықпал ету мақсатымен қосымша 481 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу мәселесі шешілді.
Премьер-Министр күніне 90 мың баррель мұнай өндірілетін Қашаған мұнай-газ кен орнының іске қосылғанына назар аударды.
Бұдан бөлек, Б.Сағынтаев Елбасыға ең алдымен азық-түлік пен аса қажеті тауарлар бағасы, тұрғындар мен әлеуметтік мекемелерді үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мәселесі, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында жоспарланған нысандарды уақтылы тапсыру тұрақты бақылауда екендігін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа елдің экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабарланды.
Қазақстан Президенті республикада жиын-терін науқанының аяқталғанына тоқталып, енді Үкіметке астықты экспорттау мәселесін пысықтау қажет екендігін атап өтті.
– Ірі дәнді-дақыл өсіруші болып саналатын көптеген елдерде егіннің жақсы шыққанын байқап отырмыз. Осыған байланысты бұл нарықта бәсеке жоғары болады. Біз осыған дейін бірқатар елдермен астық экспорты жөнінде келісім жасадық. Осы уағдаластық аясында жеткізілетін өнім көлемін анықтап алу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
T. Кіршібаев