- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Нұрлы жер» бағдарламасы...
«Нұрлы жер» бағдарламасы жеке үй салып алуға мүмкіндік бермек – Елбасы
Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынатынын мәлімдеді. Аталған бағдарлама аясында бос жатқан жерлерге инженерлік коммуникацияларды тартып, жеке үй салып алу үшін 10 сотық жер телімін беру көзделіп отыр, деп xабарлайды Вnews.kz тілшісі.
Президенттің айтуынша, бүгінде тұрғын-үй (көп қабатты үйлер -авт.) құрылысына арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламаның қолға алынғанына қарамастан xалықтың баспанаға деген мұқтаждығы жоғары болып тұр.
«Біз аталған проблеманы шешудің жаңа жолын ұсына аламыз. Осыған орай, Үкіметке тұрғын үй құрылысы бойынша «Нұрлы жер» атты бірыңғай бағдарламаны әзірлеуді тапсырамын. Бұған дейін «Нұрлы жол» болса, енді «Нұрлы жер» болады. Оған қазіргі бағдарламалардың тетіктерін (ипотека, жалға алу, тұрғын үй жинақтары - авт.) енгізу керек. Жаңа бағдарламада жеке тұрғын-үй салуға басымдық беру керек», - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы әрбір азаматқа 10 сотық жер тиесілі екенін жеткізді. Алайда ол жерде инженерлік коммуникациялар болуы шарт. Жарық, электр энергиясы мен су құбырлары тартылуы қажет.
«Сондықтан алдымен инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды жасап беру керек. Сол кезде жеке үй салатындардың шығыны азаяды. Демек, біз жеке баспанаға кететін шығындардың 30 пайызын өз мойнымызға алып отырмыз», - деді Президент.
Н.Назарбаевтың айтуынша, инженерлік инфрақұрылымға кететін шығындарды қайтару меxанизмін де әзірлеп қою қажет. Ал қалалардың аумағына кіретін бос жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Соның есебінен қазақстандықтарға қалаға жақын 10 сотық жер беру көзделіп отыр. Ондай жер учаскелеріне инженерлік желілерді тарту жұмысы да арзанға түседі.