- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Нұрлы Жер» арқылы...
«Нұрлы Жер» арқылы 1,5 млн отбасы тұрғын үй мәселесін шеше алады
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев үкімет мәжілісі барысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстарды біріктіру бойынша әзірленген «Нұрлы жер» бағдарламасы тұжырымдамасын таныстырды, - деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Министр атап өткендей, тұжырымдаманың басым бағыттары: ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; құрылыс компаниялары үшін қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін «револьверлік» қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
«Ипотекалық несиелеу нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға бастапқы үй сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделіп отыр», - деді Бишімбаев.
Банктің сыйақы ставкасын жеті жыл бойы жылына 17%-дан артық емес мөлшерде субсидиялау болжануда. Түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10%-ға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7%-на дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Субсидия қаражатын тиімді пайдалану үшін Астана және Алматы қалаларындағы халыққа несие берудің шекті сомасы 20 млн. теңгеге және өңірлерде 15 млн. теңгеге дейін 15 жыл мерзімге белгіленетін болады.
«Сондай-ақ, жеке үй салушылардың қолжетімді несие ресурстарын пайдалануын ынталандыру үшін банктер беретін несиенің пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекет субсидиялайтын болады», - деді Бишімбаев.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды несиелік тұрғын үймен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында бұрын бөлінген қаражат есебінен «револьверлік» қағидаты бойынша несиелік тұрғын үй салу жалғасатын болады.
Жоспарға сай, 15 жылда 14,7 млн шаршы метр несиелік үй салынып, 245 мың отбасы баспанамен қамтылатын болады.
«Өңірлерде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй қорын құру үшін 2017 жылдан бастап республика бойынша жыл сайын 25 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Салынған жалға берілетін тұрғын үйлер ЖАО кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған», - деді Бишімбаев.
15 жылдың ішінде Жалға берілетін тұрғын үй қоры бағдарламасын жүзеге асыру 45 мың пәтерді немесе 2,2 млн. шаршы метр тұрғын үйді құрайды.
Министрдің айтуына қарағанда, жыл сайын 80 млрд. теңге бөлу ұсынылады, оның 50 млрд. теңгесі көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына ИКИ жүргізуге және 30 млрд. теңгесі ЖТҚ құрылысына жұмсалады.
ЖТҚ-ны дамыту үшін облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсілді қолдану ұсынылады, оның негізгі міндеттері мынадай: бірыңғай құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулеттік үлгіде жеке тұрғын үй салу; ҮҚК технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділін қамтамасыз ету; кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдікпен қарыз беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын қаржыландыру.
«Пилоттық жобаға қатысушы кезекте тұрған азаматтар жер учаскесімен бірге және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген дайын үйді өздері сатып алуға немесе оны сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен несие алуға құқылы», - деді Бишімбаев.
«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн. астам тұрғын үй салынады.
T. Кіршібаев