Әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "РИА Новости" басылымына сілтеме жасап.
Мәліметке сүйенсек, бұл шешім "ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін" қабылданған. Әзірге Ресейдің ресми мекемелері де, әзілкештің өзі де, оның өкілдері де бұл жағдайға пікір білдірмеді.
БАҚ дерегінше, Нұрлан Сабуров түн ішінде Дубайдан ұшып келіп, Мәскеудегі Внуково әуежайына қонған. Төлқұжат бақылауынан өткен соң қызметкерлер оны бөлек бөлмеге алып кіріп, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы ресми құжатты көрсеткен делінеді.
Әлеуметтік желіде әуежайдағы видеолар да пайда болды.
Ресейге кіруіне тыйым салынған әзілкеш енді Алматыға ұшып келмек. Бұл туралы Mash Telegram арнасы хабарлады.
Арна мәліметінше, Мәскеу әуежайындағы оқиғадан кейін Нұрлан Сабуров Дубайға тегін депортациядан бас тартқан. Өйткені, дереккөз мәліметінше, ұшудың міндетті шарты кісен тағу болған. Осылайша әзілкеш Қазақстанға билетті өз бетінше сатып алғаны айтылды.
Mash Нұрлан Сабуров Мәскеуге БАӘ-ден бизнес класпен ұшқанын жазды. Арна дерегіне сүйенсек, кіруге тыйым салу туралы хабарламадан кейін ол депортация мәселесін бірнеше рет нақтылап, кейін Дубайға қайту билетіне қаражаты жоқ екенін мәлімдеген. Депортация шарттары түсіндірілгенде, ол ақша тауып, Алматыға билет сатып алған. Дереккөз мәліметінше, ең жақын рейс түстен кейін жоспарланған.
Нұрлан Сабуров 1991 жылы 22 желтоқсанда Степногорскіде туған. Ол - қазақстандық әзілкеш, жүргізуші, актер әрі медиа тұлға. Ол Stand Up жобасы арқылы кеңінен танылып, кейін YouTube-тегі "Что было дальше?" (ЧБД) шоуының жүргізушісі ретінде үлкен аудитория жинады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!