- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрлан Өнербаев Түркістан...
Нұрлан Өнербаев Түркістан облысының Құрметті азаматы атанды
Қазақстандық танымал әнші Нұрлан Өнербаев Түркістан облысының Құрметті азаматы атағына ие болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісіне бұл марапат Конституция күніне арналған "Айбары мықты - Ата Заң" іс-шарасында табысталды.
Кеше "Конгресс холл" көпсалалы кешенінде өткен іс-шарада өңір басшысы Дархан Сатыбалды облыс жетістіктері туралы баяндама жасап, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады және ауылды жерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамту - басты бағытымыздың бірі. Еліміз бұдан әрі дамуы үшін әрбір азамат Ата заңымыздың ұстанымын қатаң сақтай отырып, еңбек ете білуі тиіс. Бұл ретте, "Еңбек адамы" бейнесін насихаттау болашақ ұрпақ үшін таптырмас үлгі болары хақ. Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін", - деді өңір басшысы.
Еске салайық, Түркістан облысының Құрметті азаматы атағын алғандар қатарында Нұрлан Өнербаевтан бөлек, Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы да бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы