- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Нұрлан Мәсімовке екі...
Нұрлан Мәсімовке екі әкімшілік іс бойынша айыппұл салынды
Павлодардағы сот Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты екі әкімшілік іс бойынша шешім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында Павлодар облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 234-1-бабы бойынша бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлағаны және пайдаланғаны үшін екі іс қаралды.
Сот Полиция департаменті бюджетін жоспарлау кезінде қызметтік жануарларға жем сатып алу кезінде заттай нормаларды асыра бағалаудан көрінетін заңнама бұзылғанын анықтады", - делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, 2021 жылы қызметтік мал азығын сатып алуға 60 872 100 теңге сомасында қаражат бөлінген. Алайда Полиция департаменті нормаларды бұзып, 10 693 000 теңге сомасына 18 бас жылқыға жем алып, нормадан тыс жоспарлаған.
"2022 жылы қызметтік жануарларға жем сатып алуға 13 394 000 теңге сомасында қаражат бөлінді. Полиция департаменті нормаларды бұзып, 18 бас жылқыға 8 503 400 теңгеге жем сатып алу нормасын асыра жоспарлаған. Тиімсіз жоспарлау бюджет қаражатын асыра пайдалануға әкеп соққан.
Полиция департаментінің бұрынғы бастығының кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалармен, аудиторлық есептермен, тексеру комиссиясының материалдарымен, айғақтармен және сот зерттеген басқа да деректермен дәлелденеді", - деп толықтырды баспасөз қызметі өкілі.
Нұрлан Мәсімовке әр іс бойынша 214 410 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Сондай-ақ, сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасау кезінде іс жүргізу нормаларын бұзғаны үшін "Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясы" ММ атына жеке қаулы шығарды.
Еске салайық, 2022 жылғы қаңтарда Нұрлан Мәсімов Павлодар облысының полиция бастығы қызметінен босатылды. Ол департаментті 2019 жылғы қарашадан бастап басқарды.
Былтырғы сәуірде Нұрлан Мәсімовтің іздеуде екені белгілі болды. Кейінірек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның орналасқан жері туралы ақпарат үшін сыйақы жариялады. Шілдеде ол Ресей шекарасында жалған құжаттармен ұсталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова